20.06.2016, 10:46
Оқылды: 24

Ескерткіш тақта ашылды

Ескерткіш тақта ашылдыБілім, денсаулық, әлеуметтік бөлім, өнер, басқа да салаларда үздік қызмет атқарған ардагерлерді ұлықтап, оларды насихаттау жаңақалалықтардың жұмыс дағдысына айналған еді.

Сондай ізгілікті шараның бірі –  бүгін аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастамасымен жүзеге асты. Ауданымызда ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында халықты әлеуметтік қорғау жүйесін дамытуда ерекше үлес қосқан, әлеуметтік салада көп жылдар басшылық қызмет атқарған, Ұлы Отан соғысының ардагері  Сатыбалды Машатаевтың тұрған үйіне ескерткіш тақта ілінді.


Салтанатты жиынға аудан әкімі Лавр Хайретдинов, аудан әкімінің орынбасары А.Шүкірғалиева, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Е.Сапаров, еңбек ардагерлері және көз көрген замандастары қатысты.

Сатыбалды Машатайұлы – Жаңақала ауданына қарасты, Саралжын ауылсоветінде дүниеге келген. 1933-1941 жылдары С.М.Киров атындағы сегізжылдық мектепті бітіреді. 1943-1944 жылдары Еңбек колхозында кіші есепші болып жұмыс жасаған. 1944 жылдың қазан айынан 1945 жылдың мамыр айына дейін Чкалов қаласында 365 атқыштар полкында қатардағы жауынгер болып әскери борышын өтейді. 1945 жылдың мамыр айынан 1950 жылдың желтоқсан айына дейін №7414 әскери бөлімінде және ішкі істер бөлімінде қызмет атқарған. Елге оралған соң 1951-1955 жылдары Жаңақала аудандық финанс бөлімінің аға инспекторы, 1955-1958 жылдары Чапаев аудандық финанс бөлімінде аға бухгалтер, 1958-1960 жылдары Чапаев аудандық қамсыздандыру бөлімінде бас бухгалтер болып жұмыс атқарған. Ал 1972-1981 жылдары Жаңақала аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалып, осы салада ұзақ жыл үлгілі еңбек еткен. Кейін 1981-1986 жылдары Жаңақала аудандық баспасөз тарату бөлімінің басшысы қызметін атқарып, 1986 жылы зейнеткерлік демалысқа шығады.

Тақта орнатуға арналған салтанатты жиында аудан әкмі Л.Рашидұлы, С.Машатайұлымен көп жылдар әріптес болған Н.Мақанов және ұлы Нұрланбек Машатаев ерен еңбек иесін еске алып, есте қалған естеліктерін жеткізіп, өнегелі өмір жолынан сыр шертті.

www.zhaikpress.kz

Алтынбек ЕРМЕКҚАЛИЕВ

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале