28.10.2016, 9:37
Оқылды: 182

Ең үздік қойылым - "Мәңгілік елдің алтын адамы"

          Батыс Қазақстан облыстық театрының ұжымы сахналаған "Мәңгілік елдің алтын адамы" қойылымы ең үздік қойылым атанып, "Мәңгілік ел" сыйлығына ие болды. Бұл туралы театрда өткен  белгілі ақын-драматург Иран Ғайыптың "Мәңгілік елдің алтын адамы" атты республикалық театрлар фестивалінің қорытынды кешінде белгілі болды.

Бірнеше күнге созылып, көрермендерге шуақ сыйлаған фестиваль өз мәресіне жетті. Өзінің бірнеше өлеңін оқып, көрерменді жырмен әлдилеген ақын-драматург Иран Ғайып өнер мерекесін жасап жатқан ақжайық жұртшылығына, облыс басшысына шынайы ризашылығын білдірді.  Сахнаға көтерілген облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов жұртшылықтың көңілін көтеріп, рух сыйлаған өнер иесіне ақжайықтықтардың атынан шынайы алғыс айтты. Қазылар алқасының шешімімен ең үздік қойылым- аталымына  "Мәңгілік елдің алтын адамы" қойылымы үшін Батыс қазақстан облыстық театры ие болды. "Үздік әйел"  бейнесі аталымы бойынша  "Фатима" қойылымындағы Фатима бейнесін шебер  сомдағаны үшін Ғ. Мүсірепов атындағы балалар және жасөспірімдер театрының  актрисасы  Ақбота Қаймақбаева мен "Мәңгілік елдің алтын адамы" қойылымындағы "Қазына" бейнесін сомдаған  Батыс Қазақстан облыстық қазақ  драма театрының актрисасы Нұрлыгүл Жұбатова марапатталса, "Үздік ер адам бейнесі" аталымы "Адасқан бақ құсы" қойылымындағы "Керікеткен" бейнесі үшін семейлік актер Бауыржан Төлековке бұйырды. "Мәңгілік елдің алтын адамындағы" "Үздік режиссура" үшін белгілі театр және кино актері, режиссер Мұрат Ахманов марапатталды. Марапаттау рәсімінде бақ сынаған театр ұжымдарының өзге де актерлары "Тәуелсіздікке  тағзым", Мәңгілік ел" аталымдары бойынша ақшалай және естелік сыйлықтарға ие болды. Олардың қатарында Батыс қазақстан облыстық драма театрының бас режиссері Мұқанғали Томанов, театрдың белді актерлары Сердеш Қажымұратов, Мұсағали Бектенов, Ербол Есендосов, театрдың суретшісі Қайыр Оразғалиев те  бар. Өнер кешінде ақын-драматург Иран Ғайыптың ұлы Жайыншақ Иранбекұлы, жиені Жанар Доғалова, қарындасы Рая Оразбаева өнер көрсетті.

Гүлжамал Жолдығали

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале