18.08.2015, 16:57
Оқылды: 48

Жазушыны құрметтеді

Saymjan ErkebaevТанымал жазушы Сайымжан Еркебаев (марқұм) 80 жасқа толды. Осыған орай оның туған жері Ақжайық ауданы Құрайлысай ауылдық округінде жазушыны еске алу шарасы өтті.

Қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар ол 1960 жылы Алматы шет тілдер институтының неміс тілі факультетін бітірген. Атырау облысы Доссор кәсіпшілігінде, сондай-ақ Тайпақ ауданы Талап орта мектебінде неміс тілінен сабақ берді. 1967-1971 жылдары Алматыда қазақ радиосында әдебиет редакциясында редактор және бөлім меңгерушісі болды. 1974-1977 жылдары, «Қазақфильм» киностудиясында сценарийлық коллегия редакторы, 1977-1980 жылдары республикалық кітап сауда бірлестігінің жарнама және насихат бөлімінде редактор, «Жұлдыз», «Парасат» журналдарында, «Қазақ әдебиеті» газетінде әдеби қызметтерде болды.

Жазушы соңына елеулі мұра қалдырды. Оның қаламынан «Алғашқы адым», «Жарылған бүр», «Ауыл кештері», «Жел өтінде» повестері мен «Жолдар мен шақырымдар» романы, «Менің Қожанәсірім келді де» деген сатиралық туындылары өз кезінде оқырмандардан лайықты бағасын алды. Сондай-ақ М.Е.Салтыков-Щедриннің «Бір мұжық екі генералды қалай асырады» ертегісін, Отто Шнайдерайттың «Иоганн Штраус және көрікті көгілдір Дунайдағы қала» деректі повесін қазақ тіліне аударды. Ойы орнықты, қаламы қарымды жазушы ауыл өмірін, жастардың кіршіксіз бұла махаббатын шебер суреттеуші атанды.

Жазушының інілері Әмір Еркебаев, Тимур Сабырұлы, Қайролла Ғалымжанов ағаларының өмір жолынан естеліктер баяндады. Бір кезде Талап орта мектебінде жұмыстас болған мұғалімдер, қазір зейнеткерлер Нәсіп Жылқыбаева, Мәрия Бекеева сөз сөйлеп, Сайымжанның азаматтық қырына тоқталды.

Інілерінің қолдауымен аламан бәйге ұйымдастырылды. Онда І, ІІ орынды Құрайлысай ауылдық округінің «Арон» шаруа қожалығы (жетекшісі Болат Ешов) еншілесе, ІІІ орынды Ринат Елеуов пен Елдос Бекқалиев (екеуі де Сарыөмір ауылы Теректі ауданы) алды. Түйе палуандықты оралдық Назар Қазиев таза жеңіспен иеленді.

Ауылдағы бір көшеге болашақта округ әкімдігінің шешімімен жазушының есімі берілмек. Сол көшеге КСРО Жазушылар одағының мүшесі Сайымжан Еркебаев есімімен аталады деген мрамор тақта орнатылды.

www.zhaikpress.kz

Үзілдік ЕЛЕУБАЙҚЫЗЫ

Құрайлысай ауылы

Ақжайық ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале