18.04.2016, 16:49
Оқылды: 50

«Жалт еткен бір сәуле» қойылымының премьерасы өтті.

Jalt etken bir saule      Жексенбі күні облыстық  қазақ  драма театрында белгілі жазушы-драматург Мәдина Омарованың «Жалт еткен бір сәуле» қойылымының премьерасы өтті. Аталмыш лирикалық комедияда бар болғаны екі-ақ актер ойнайды. Жалға берілетін пәтер іздеп, табанынан таусылған төрт балалы  Гүлсім (Қазақстанның  халық  әртісі Гүлнәр Жақыпова) зәулім үйдің иесі Есімбекке (Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ербол Есендосов) жолығады.  Кездескен сәттен бастап, беймәлім сезімге шырмалған олар аз ғана уақыттың ішінде сырласып та, мұңдасып та, қалжыңдасып та  үлгереді. Екеуі шахмат ойнап отырып, өрбіген диалогта көрерменді күлдіре отырып, мұңға батырады.


      Олардың әңгімесінде тұрмыс тауқыметі, суынған сезім, тағдырға мойынсұну бар. Әйелі жастай қайтыс болған Есімбек те, күйеуі басқа әйелге кетіп қалған Гүлсім де жалғыз еді. Бірақ Гүлсім күйеуі жоқ болса да, оны бар дейді. Басқа әйелмен қосылып, онымен де ажырасып кеткен жұбайының қайтып келеріне нық сенімді. Төрт баланы дүниеге әкеліп, 25 жыл бірге тұрған күйеуін сүйетінін немесе сүймейтінін өзге түгілі, тіпті өзі де білмейді. Ол Есімбектің «Күйеуіңізді сүйесіз бе?» деген сұрағына, Мұқағалидың өлең жолдарымен жауап береді: Жүргенде қатал тұрмыс илеуінде, Білмеймін, сүйдім бе, әлде сүймедім бе?...

      Жастай күйеуге шығып, төрт баланы дүниеге әкеліп, бақытсыз өмір кешіп жатқан Гүлсімнің сырына қаныққан, оны бір көргеннен жақсы көріп қалған  Есімбек оған даңғарадай  үйін  ұсынады.  «Жалған өмір сүрме, сезіммен өмір сүр, менің қасыма кел» деп үгіттейді.  Гүлсімнің де жалғыздықтан шаршағаны, оны ұнатып қалғаны байқалады.  Екеуі де жалғыздықтан жаны жабырқап жүрген жандар. Екеуі де жан жылуына зәру. Алайда Гүлсім өз отбасын таңдайды. Қойылымның өн бойынан сезімді ақылға жеңдірген  қазақ әйелінің бейнесі қылаң береді.    Екеуінің арасында тұтанған сезім, оларды аз ғана уақыт бақытқа бөлеп, жоқ болады.    Жалт еткен бір сәуле...

       Боямасыз өмір суреттелгіндіктен бе, бір демде аяқталған қойылым көрерменге ұнады.  Оған қойылым аяқталған соң да, залдан кетпей қол соғып тұрып алған қалың көрермен куә.

  • Адам әрқашан жалғыз ғой. Бұл қойылымда жалғыздық, махаббат суреттеледі. Адам бақытсыз болуы мүмкін. Бірақ жалт еткен бір сәуле адамға қуат береді.  Үлкейген кезде де  сол сезім пайда болса, ол адам бақытты.   Жалпы, облыстық  қазақ драма театрындағы актерлардың көбі - өзімнің шәкірттерім. Қойылымның режиссері еліміздегі нәзікжанды санаулы режиссерлардың бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері  Алма Кәкішева. Біздерді қарсы алып, бар жағдайымызды жасап жатқан, облыс  басшылығына алғысым шексіз, - дейді қойылым соңында БАҚ өкілдерімен ой бөліскен  Қазақстанның халық әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Гүлнәр Жақыпова.

www.zhaikpress.kz

Гүлжамал   ЖОЛДЫҒАЛИ

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале