24.10.2016, 11:28
Оқылды: 15

Жан сырым

%d0%b6%d0%b0%d0%bd-%d1%81%d1%8b%d1%80%d1%8b%d0%bc   Шоқтығы биік, әуені әдемі, әуезі әсерлі, айтары айқын, болмысы ұлттық тұнық сезімнен туған мөлдір әндерді әуелететін әншілеріміздің бірі мен бірегейіне  айналып келе жатырған әншілердің бірі - Самал Оразайқызы Діңғалиеваның Ақсай қаласында шығармашылық  кеші өтті. Өнер иесінің талантын таразылайтын кеш «Жан сырым» тақырыбы аясында өрбіді. Кешті «Ассалаумағалейкүм» әнімен ашқан  Самал Оразайқызының сахнада жүргеніне биыл – 10 жыл толып отыр.


         Халықтың сансыз соғылған шапалағы мен оған көрсеткен құрмет керемет әсер ететіні рас. Дәл осындай қошеметке бөленген өнер иесі  1976 жылы Жаңақала ауданы, Айдархан  ауылында дүниеге келген. ЖББОМ тәлім алып, 1999 жылы Құрманғазы атындағы Орал саз колледжіне «Ән салу» мамандығы бойынша тәлім-тәрбие алып, өз ісінің шебері атанды. Алғаш жұмыс тәжірибесін 2001 жылдан Бөрлі ауылдық мәдениет үйі директоры қызметінен бастап, қазіргі таңда Бөрлі аудандық демалу орталығында үйірме жеткеші, әнші қызметін атқарып келеді. Биылғы жылы М.Өтемісов атындағы БҚМУ «Ән салу»  академиялық мамандығы бойынша  жоғары маман иесі атанды. Қазіргі кезде І санатты маман. Самал Оразайқызының қоржынында 30-ға жуық әндер топтамасы бар. Өнер иесі жетекшілік ететін «Сенім» вокалдық тобы аудан көлемінде өткізілетін мәдени-көпшілік іс-шараларға қатысып, көрермендердің ықыласына бөленіп келеді. Отбасында аяулы ана, жұмыс барысында беделді маман иесінің өнердегі жеткен жетістіктері жетерлік. Бала кезінен арман қуған дарынды жанның өнердегі асуы -  облыстық байқаулардың лауреаты атағына дейін жеткені. Ата-ана – әрбір адамның қайтып соғар қазығы. Оған деген сүйіспеншілік тек жүректен шығатыны баршамызға мәлім. Халқымыздың байырғы ұғымында баланың ата-ана алдындағы парызын өтеуі «Ана сүтін ақтау» деп айтылса керекті. Самал Оразайқызының анасы дүниеден озып кетсе де, бүгінгі керемет кешіне мәуелі бәйтерегі әкесі келіп, анасының орнын толтырғандай болды.

         Әр заманда саңлақ әншілердің болуы – халық музыкасының өміршеңдігінің , оның ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, мәңгілік құндылық ретінде сақтала беретіндігінің көрінісі бүгінгі күні кеш иесінің қоржынындағы әсен әндер айғақ болды. Өнер әлемінде із қалдырған талантты әншінің  қол жеткізген бақыты өзіне дейінгі орындаушылық қасиетіне қылау түсірмей, оған жаңа бояу, орнықты өрнек қоса білді. «Құлақтан кіріп бойды алған» әсем кешке келген Ақсай жұртшылығы ерекше құрметпен қарсы алып, ыстық ықыластарын аямады. Самал Оразайқызының орындаған әндері көптің көңілінен шыққандығы соншалық, халық билеп отырды, өнер иесінің өнеріне тәнті болған халық түрлі гүл шоқтарымен  сый-сияпат көрсетті.  Кеш қонақтары - өнердегі, өмірдегі зеңбілесі болып жүрген Маргарита Чернышова, інісі Алдаберген Аймағамбетов және АДО вокалдық аспаптар ансамблі. Қазақтың ұлттық әндерін нақышына келтіріп қана орындамай, француз тілінде де ән шырқаған кеш иесіне зор құрмет көрсетілді.

Өнер иесін құттықтап, сөз алған Бөрлі аудандық маслихат хатшысы Ә.Кулекешов: « Сізді 10 жылдығыңызбен құттықтаймын. Әлі де алар асуларыңыз көп болсын. Аудан көлемінде емес , облыс, республика көлеміне де шарықтай беріңіз», - деп алғыс хат пен естелік сыйлық табыс етті. Сондай-ақ аудандық демалу орталығының директоры А.Рахметов, кәсіподақ ұйымының төрайымы З.Менешовалар да өздерінің ізгі тілектерін жолдап, алғыс хат табыстап, сыйлықтарын тарту етті. Кеш соңында Самал Оразайқызы: « Менің сахнада жүргенім ең алдымен әке-шешемнің арқасы. Оларға айтар алғысым шексіз. Маған қолдау көрсеткен жан-жарыма, қызым мен ұлыма ризамын. Сонымен қатар демеушілік көрсеткен аудандық демалу орталығының есеп бөліміне және Абдул Ғабитұлының ұжымына рахметімді айтамын», - деп өз ризашылығын білдірді.

Шығармашылық концертке келген жұртшылық әсерлі кештің куәгерлері болғанына қуанып, жақсы көңіл-күймен тарқасты.  Кеш аяқталғаннан кейін бірер көрерменге концерттің қалай өткенін білу үшін, сұрақ қойған болатынмын.

 

Аида ЕСЕНАМАНҚЫЗЫ

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале