9.10.2016, 11:45
Оқылды: 14

Жаппай қалалық велошеруі өтті

%d0%b2%d0%b5%d0%bb%d0%be%d1%88%d0%b5%d1%80%d1%83  Бүгін ҚР Тəуелсіздігінің 25 жылдығына орай "25 игі іс" акциясы аясында "Bolashak Bike Ride" жаппай қалалық велошеруі өтті. Оған "Болашақ" халықаралық бағдарламасының түлектері мен қала тұрғындарынан еріктілер, спортшылар, жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Бұқаралық спорттық шара "Болашақ" қауымдастығының мұрындық болуымен Алматы, Орал, Шымкент қалаларында ұйымдастырылды. Жобаға "Нұрбанк" АҚ демеушілік жасады.


Орал қаласында Жəңгір хан атындағы БҚАТУ-дан басталған велошеру "Ақжайық" футбол клубының стадионында аяқталды. Жүздеген велошабандоз 10 шақырым жолды бие сауым уақытта бағындырды.
Стадионда велошеру құрметіне салтанатты шара басталып, "Болашақ" халықаралық бағдарламасының түлегі, Орал қаласы əкімінің орынбасары Алтынбек Қайсағалиев пен "Болашақ" қоғамдық қорының төрайымы, облыстық мəслихат депутаты Салтанат Тұманбаева сөз сөйледі. Олар ел еншісіне тиген егемендіктің елеулі мерейтойы аталып өтілетін жылда жаңа спорттық нысандар көптеп қолданысқа беріліп жатқанын айтты. Сондай-ақ сахнада Рио олимпиадасына қатысқан Алексей Дергунов та жылы лебіз білдірді.

Стадионда велошеруге қатысқандар арасында ұтыс ойыны оздырылып, бағы жанғандар су жаңа велосипедке ие болды. Айта кетерлігі, биыл "Болашақ" қауымдастығының құрылғанына 15 жыл толып отыр.

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале