22.02.2016, 9:58
Оқылды: 50

Жаңақалада «Құлпытастар сөйлейді» атты жаңа кітаптың таныстырылымы болды

Janakala kitap Жаңақала ауданы орталығындағы рухани орталықта аудандық мешіттің бас имамы Мұратбек қажы Жахатовтың республикалық «Арыс» баспасынан жарық көрген «Құлпытастар сөйлейді» атты жаңа кітабының таныстырылымы болды.


Осы шараға Алматыдан арнайы келген «Арыс» қорының президенті, филология ғылымдарының докторы Ғарифолла Әнес бұл кітапты әлі де толықтырып, кейбір суреттерін қайтадан түсіріп, заманауи баспахана мүмкіндіктерін пайдалана отырып, фотоальбом ретінде бірнеше тілде шығаруға болатындығын жеткізді. Оның айтуынша, бұл - құлпытастар жөнінде осындай көлемде республикада тұңғыш шыққан кітап. Жалпы, құлпытастардың тасқа басылған мәтінін зерттейтін эпиграфия ғылымы, әсіресе, Башқұртстанның Уфа қаласында мықты дамыған. Егер Қазақстанда да осындай зерттеу жұмыстары қолға алынып, ғылыми негізде жинақтар басылатын болса, оларды ЮНЕСКО, ТҮРКІСОЙ арқылы таратуға толық болады. Оған қоса өңірдегі тарихи орындарды, жер-су атауларын зерттеп, жарыққа шығарудың маңызы зор.

Сонымен қатар Ғ.Әнес Жаңақалада жаңадан ашылған рухани орталыққа (мұнда аудандық орталықтандырылған кітапхана, балалар кітапханасы, басқа да мәдени-рухани мекемелер, қоғамдық ұйымдар орналасқан) республикалық баспалардан шыққан құнды кітаптарды жеткізіп беруге уәде берді.

Жаңақала ауданының әкімі Лавр Хайретдинов республикалық «Арыс» баспасымен шығармашылық байланысты жалғастыра отырып, алдағы уақытта энциклопедия шығару жұмысы қолға алынатынын мәлім етті. Ол үшін ауданда арнайы комиссия құрылып, Жаңақала өңірінің арғы-бергі тарихын толық қамтитын құнды деректер жинақталатын болады. Бұл бағытта «Арыс» баспасының тәжірибесі мол. Жуырда бұл баспадан «Маңғыстау облысы ауыл шаруашылығы» атты энциклопедия жарық көрді. Бұл - «Арыстың» 14-інші энциклопедиясы. Ауданда қазір өз жұмысына шынайы берілген Амантай Сәлімовтің жетекшілік етуімен жәдігерлерді жинап, аудандық мұражайды кеңейту ісі қолға алынған. Сондай-ақ күй анасы Дина Нұрпейісованың  155 жылдығына орай өнер мұражайы жаңғыртылады.

«Жайық Пресс» ЖШС жанындағы баспасөз тарихын зерттеу орталығының жетекшісі, журналист Қазыбек Құттымұратұлының сөзіне қарағанда, араб жазулы ескерткіштер қоры Парижде сақтаулы. Мұсылман елдеріндегі осындай ескерткіштер туралы 33 том еңбек басылып шыққан. Осы ретте қазақ даласындағы құлпытастар да теңдесі жоқ ескерткіштер болып саналады. Бұдан екі жыл бұрын «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллиннің бастамасымен Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының тарих ғылымдарының докторы Әшірбек Муминов бастаған ғалымдарымен бірлесе отырып, облыстағы құлпытастарды зерттеу ісі қолға алынған еді. Соның нәтижесінде 50 құлпытасты қамтыған «Құлпытас сырын ашайық» деген шағын жинақ та басылып шыққан болатын. Ал Мұратбек қажының «Құлпытастар сөйлейді» атты кітабы имамдардың жұртшылықты имандылыққа баулумен бірге ғылыммен айналыса алатындығын да көрсетеді. Бұл өзгелерге үлгі болса керек-ті.

Басқосуда белгілі журналист, «Егемен Қазақстан» газетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісі Темір Құсайын, еңбек ардагерлері Қабдығали Текебаев, Тыныштық Өтешқалиев және басқалары өңірде көне ескерткіштер аз еместігін, әсіресе, шалғай жерлерде құлпытастардың құм астында көміліп жатқандығын, оларды аршып алу қажеттігін атап өтті.

Айта кетейік, Орал, Алматы және Бурса (Түркия) қалаларындағы медресе, діни институттарда білімін жетілдіріп, әуелі Бөкей ордасында, кейінгі жылдары Жаңақалада бас имам қызметін атқарып келе жатқан Мұратбек қажы Жахатовтың «Құлпытастар сөйлейді» атты кітабы 350 беттен тұрады. Аудан әкімі Л.Хайретдиновтің алғысөзімен, шығыстанушы Ә.Муминовтің пікірімен басталған кітапта Жаңақала және Бөкей ордасы аудандарындағы 500-дей құлпытастың суреті мен араб қарпінен аударылған мәтін-мағынасы берілген. Оған қоса автордың мақалаларынан да көптеген тың деректерді табуға болады.

www.zhaikpress.kz
Елжан Ералы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале