16.02.2016, 10:17
Оқылды: 44

Жеңіс алаңында Кеңес әскерлерінің ауған жерінен шығарылғанына 27 жыл толуына орай митинг өтті

Oraldagi augan   Орал қаласындағы Жеңіс алаңында Кеңес әскерлерінің ауған жерінен шығарылғанына 27 жыл толуына орай интернационалист-жауынгерлерге арналған митинг ұйымдастырылды. Оған облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен қатысты.


Аталмыш шараға ауған соғысының ардагерлері, сонымен қатар майдан даласында ерлікпен қаза тапқан жауынгерлердің отбасы мүшелері мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Митингіні «Ауған соғысының мүгедектері және ардагерлерінің БҚО қоғамы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.

– Қадірменді ауған соғысының ардагерлері, бүгін біз жат жерде қаза тапқан жауынгерлерімізді еске алуға жиналып тұрмыз. Ауған соғысына аттанған жауынгерлердің соңында қалған отбасыларына оңай тимегені мәлім. Облыс басшысы Нұрлан Асқарұлының ыстық ықыласын жеткізуге  рұқсат етіңіздер. Отбасыларыңызға амандық тілеймін, – деді облыс әкімінің орынбасары Бақтияр  Мәкен.

– 1989 жылдың 15 ақпанында  біздің жауынгерлер ауған жерінен шығарылды. Бұл күн біз үшін өте маңызды күн болып есептеледі. Сол кезде Алматы қаласынан Беларуссияның 103-десантшылар дивизиясына шақырылып, 1979 жылдың 27 желтоқсан күні алғашқылардың бірі болып Ауғанстанның астанасы Кабул қаласына кірдік. Содан аман-есен елге оралып, тәуелсіздіктің  рақатын сезініп жүрген жайымыз бар. Баршаңыздың отбасыңызға амандық тілеймін, енді қайтып соғыс болмасын, – деп тілегін жаудырды интернационалист-жауынгер  Қобыланды  Жапаров.

Шара барысында ерлікпен қаза тапқандарды еске алуға бір минут үнсіздік жарияланды. Ескерткішке гүл шоғын қою рәсімінде атасын қолтықтаған немерелер мен майдандас жауынгерлердің көзіне жас алғандығын байқадық.

www.zhaikpress.kz

Темірболат  ӘНУАРҰЛЫ

«Орал  өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале