23.06.2015, 15:29
Оқылды: 48

Зеленов ауданының жасы ең үлкен тұрғыны 108 жасында өмірден өтті

Zelenov Bakit Aje  Ғасырдан ұзақ жасаған Бақыт әже Искакова Зеленов ауданы Дариян ауылының тұрғыны болған. Қазіргі Бөрлі ауданына қарасты Ақсай қаласында 1907 жылы дүниеге келген оның  балалық, жалынды жастық шағы қиын кезеңдермен тұспа-тұс келді. Ұлтқа үлкен зардап әкелген нәубет жылдардың тауқыметі оны ерте есейтті. Аяқасты Ұлы Отан соғысы басталып, құдай қосқан қосағы Файзолла майданға аттанғанда құрсақтағы баламен қалған жас ана өзге замандастары секілді еңбек майданында шыңдалды. Еліміз, халқымыз үшін қиын озбыр шақта қолына кетпен алып, қазақ әйеліне тән табандылық пен қайсарлықтың шебер үлгісін көрсетті.

Жары Файзулла соғыстан екі көзден бірдей айрылып оралғанда ол үшін бұдан асқан қайғы қасірет жоқтай көрінді. Алайда көрінген таудың алыстығы жоқтығы сияқты өмір жолында кездескен аса ауыр қиындықты тағы да сол батылдығымен, қайтпас қайсарлығымен  жеңе білді. Екеуі қатар еңбекке араласып, мал бағып, егін орып, 7 баланы өсіріп-өндіріп, оқытып, ел қатарына қосты. Ұрпақтары бүгінде әр салада ел игілігі үшін адал қызмет етіп жүр. Олардан тараған 22 немере, 18 шөбере, 9 немене бір үйдің балаларындай ұйымшыл.

Ғасыр ғұмырында өнегелі ұрпақ тәрбиелеп, елдің өркендеуіне сүбелі үлес қосқан ел анасы Зеленов жұртшылығының жүрегінен мәңгілік орын алмақ.

www.zhaikpress.kz

Нұржан Дүзбатыр

Зеленов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале