18.01.2016, 11:35
Оқылды: 27

Көлтабанға су шығаруға мүмкіндік бар  

 

КаратобеҚаратөбе ауданында жыл сайынғы дәстүр бойынша Елбасы Жарлығына сәйкес барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындар алдындағы есептік кездесулері басталып кетті. Сулыкөл ауылдық округінің әкімі Төлен, Үшана елді мекендеріне шығып, халық алдында жыл ішінде атқарған жұмыстары туралы есеп беріп, алдағы атқарылмақ шаруалар туралы айтып берді.


Есеп беру жиынына аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Кенжебек Аймашев, аудандық мәслихат депутаты Нұрлан Меңдешов, учаскелік полиция инспекторы Темірхан Матжанов қатысты.

Ауыл әкімінің есебін тыңдаған ауыл тұрғындары атқарылған жұмыстарға оң бағаларын беріп, өздерінің көкейлерінде жүрген сауалдарын да айтып өтті. Мысалы,  Төлен ауылының тұрғындары көлтабанына екі-үш жылдан бері су келмей, сор, батпаққа айналып жатқандығын тілге тиек етіп, биылғы жөнделген бөгеттің пайдасын бірге көрсек деген тілектерін жеткізді. Үшана ауылында сөз алған тұрғындар 140-қа тарта түтіні бар ауылдың мал дәрігері мен электрикке зәру екендіктерін жеткізіп, маманмен қамтамасыз етілсе дейді. Жалпы, тұрғындар қос ауылға көгілдір отынның келуін ғасыр жаңалығына теңеп, осы жұмыстың оңды шешімін табуына ықпал еткен барша басшыларға алғыстарын жаудыруда.

Сұрақтарға жауап берген ветеринария бөлімінің басшысы Кенжебек Жолдығалиұлы Төлен ауылындағы көлтабанына су шығаруға мүмкіндік биыл болатынын, оған жөнделген көпірлердің пайдасы тиетіндігін айтып өтсе, сонымен қатар Үшана ауылына мал дәрігерін жіберуді сол жерде шешіп берді. Ауыл әкімі электрик жіберу мәселесін бір маманды қайта даярлап немесе ауылда мамандығы бар адамдар болса, осы ауылға казначей етіп тағайындап, сол арқылы шешуге болатынын жеткізді.

Аудандық мәслихат депутаты Нұрлан Меңдешов те сөз сөйлеп, Елімізде атқарылып жатқан ауқымды шаралардың басында «Нұр Отан» партиясының тұрғандығын, партияның сайлауалды бағдарламаларының елімізде, соның ішінде біздің өңірімізде де оңтайлы шешіліп жатқандығын баяндап, осы істердің барлығына да сіз бен біздің бірлігіміздің, шыдамдылығымыз бен төзімділігіміздің арқасында қол жеткізгендігімізді, осы бағытымыздан таймай, татулық пен бірлікті ту етіп болашақта да жарқын істердің басында болуға шақырды. Жоғары деңгейде өткен ауыл әкімінің есептік жиыны осылай қорытындыланды.

Мұндай есептік кездесулер барлық ауылдық округтерге қарасты елді мекендерде өз жалғасын таппақ.

www.zhaikpress.kz

Қаратөбе ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале