22.08.2016, 16:45
Оқылды: 47

Мектепке жол

мектепкеЖолЖылдағы дәстүр бойынша аудандық мәдениет үйінің фойесінде «Мектепке жол» акциясының шарасы оздырылды. Оған аудан орталығындағы мекеме  басшылары мен қызметкерлері,  ата-аналар мен балалар көптеп қатысты.

Мектеп жасындағы балалардың оқудан тыс қалмауын қадағалап, күнкөрісі төмен отбасы балаларын жаңа оқу жылына дайындауға қолдау көрсетуді мақсат тұтқан биылғы акцияны аудан әкімінің орынбасары Л.Т.Қайырғалиева ашты. Бүгінгі таңда аудандық білім бөлімімен барлық бірінші сыныптықтарға 1 млн. 62 мың теңгеге мектеп формасы, аз қамтылған отбасы балаларына 2 млн. теңгеге киім-кешек не оқу-құралдары (ата-ананың сұранысы бойынша)  алынып берілетіндігін тілге тиек еткен Лариса Тельманқызы аталмыш акцияда ұсынылатын сый-сыяпаттардың барлығы да жеке адамдардың  қаржысынан беріліп отырғандығын ескертіп, оқушылар бұл көмекті жіті түсініп, тек жақсы оқумен қуанта берсін деген тілегін жеткізді. Сонымен қатар ол аз қамтылған отбасы балалары және 1-4 сыныптықтар бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылатынынан, кәсіпкерлік палатаның аудандық филиалы көмегімен 165 оқушыға жеңілдетілген бағамен мектеп формасына тапсырыс берілгендігіннен де хабардар етті.

Әлемдік экономикалық ахуалға қарамастан, мемлекетіміз күнкөрісі төмен отбасы балаларына көмегін еш кемітпеуде, жерлестеріміз де бұл үрдістен тыс қалмауда. Осы қамқорлыққа ата-аналардың алғысын Бану Есенғалиева орыс тілінде білдірді. Мекеме қызметкерлері өздеріне ауылдық округ әкімшілігі бөлген оқушыларға сый-сыяпаттарын табыстады. Мәселен, аудан әкімі аппараты 4 балаға 33 мың, балалар-жасөспірімдер спорт мектебі 4 балаға 40 мың, аудан сот ұжымы 1 оқушыға 17 мың, саз мектебі 2 оқушыға 30 мың, «Нарын жастары» ЖҚБ-гі мен ауданық жастар ресурстық орталығы 4, ішкі істер бөлімі 4 балаға 24 мың теңгеден қолдау көрсетті. Осы күні аудандық мекеме ұжымдары мен жеке кәсіпкерлер шәкірттерге 623 мың теңгенің көмегін жасады.

31 қыркүйекке дейін созылатын «Мектепке жол» акция шеңберіндегі мұндай шаралар ауданымыздың барлық округтерінде жалғаса бермек.

Р.Бақытова

Бөкей ордасы ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале