25.11.2015, 17:47
Оқылды: 24

Мәскеуден бас жүлдемен

Maskeu jylde   Мәскеу  қаласындағы  халық   шаруашылығы  жетістіктері  көрмесінің мәдениет үйінде  «Тану»  («Признание») халықаралық  конкурсы  өтті.

Байқауда  Қазақстан, Беларуссия, Украина мен Ресейден келген 400-ге  жуық  өнерпаздары  түрлі  аталым бойынша  өз  бақтарын  сынады. Аталмыш  байқауға Орал қаласынан облыстық халық шығармашылығы  орталығындағы үлгілі «Қызғалдақтар» би ансамблінің (жетекшісі, Қазақстанның  мәдениет  қайраткері   Райхан  Көжекешева)    үлкен және орта топ мүшелері  қатысып қайтты.


Жоғары  деңгейде  өткен  байқауда үлгілі «Қызғалдақтар» би ансамблінің  қыздары «Алтынай», «Жайық  қыздары» билерін тамаша орындап, 13-16 жас аралығы бойынша  «Халық  биі» аталымымен  «Тану»  халықаралық  конкурсының  бас жүлдесін  иеленді. Ал аталмыш ансамбльдің  орта топ қыздары  «Шашу», «Қамажай» билерімен қазылар  алқасы мен  көрермендерін  тәнті етіп, 12-15 жас  аралығы бойынша  «Халық  биі» аталымымен конкурстың  І дәрежелі  жеңімпазы дипломымен марапатталды. Сондай-ақ  бұл  байқауға  аталмыш ансамбльдің   кіші топ мүшесі, №21 мектептің 1-сынып оқушысы Н. Сатыбалды  (балетмейстрі Ә. Дәулетова) жеке өзінің орындауында қазақ биі «Дала сазы» мен «Хорезм» өзбек биін биледі. Ол 5-10 жас  аралығындағы  жасөспірімдер арасынан аталмыш конкурстың  І дәрежелі  дипломымен  марапатталды.

Қазақ қыздарының әдемі ұлттық киімдеріне, шаштарының ұзындығына, олардың мың бұрала билеген билеріне таңғалып, тіпті шаштың қалай өрілетіндігін сұрап, қызықтаған адамдар көп болды. Ендеше, ұлттық  биді билеп, оны насихаттап жүретін қыздарымыз әрдайымда биіктерден көріне бергей.

www.zhaikpress.kz

Нұрлыгүл  СҰЛТАНОВА

Орал  қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале