20.04.2016, 17:21
Оқылды: 29

Несие алып мал өсіруде

Janibek nesie alip mal osirude     Аманбай Оразбаев Жәнібек ауданының Ақоба ауылында туып, өсті. Ауылдағы орта мектепті бітіргесін Орал қаласындағы автомобиль жүргізушісі курсында оқыды. Екі жыл әскер қатарында болып, Отан алдындағы парызын өтеді. 1977 жылы әскерден келген соң ауылда жиырма жылдан астам автокөлік жүргізушісі болып жұмыс істеді. Кеңшар тарағаннан кейін, яғни 1999 жылы өз алдына «Елдар» атты шаруа қожалығын құрды. Үлесіне алған 10 бас ірі, 20 қой, 2 бас жылқыны баптап, күтіп көбейте берді.


     Ол, сондай-ақ үлесіне тиген шөп шабатын агрегатты  шөп шабу кезінде ұқыпты, тиімді пайдаланып, жыл сайын мал азығының қорын жинап алып отырды. ШҚ жетекшісінің қыстағы, 400 гектар жері  бар. Малы мен жерінің өнімін оңтайлы жүзеге асыруының нәтижесінде бейнетінің зейнетін татқан Аманбай аға бұдан әрі кәсібін жандандыруға бар күш-жігерін салды. Жұбайы Рабиға екеуі тапқан қаржыларын есептей келе дүкен ашуды ойластырды. Сөйтіп, 2000 жылы ауылдың нақ ортасынан азық-түлік, киім-кешек сататын дүкен ашты. Бұл дүкен қазір ауыл тұрғындарын қажетті тауарлармен қамтамасыз етуде.

     Іскер азамат қарамағындағы мал басын көбейту мақсатында 2003 жылы «Орал» шағын несие ұйымынан 150 мың теңге несие алып, 12 бас ұрғашы баспақ саудалады. Он жылдан кейін, дәлірек айтқанда 2013 жылы табынындағы ірі қараны асылдандыру үшін «Әлем» шаруа қожалығынан бір бас асыл тұқымды бұқа сатып алып, 30 бас аналық малға қосты. Осылай малды асылдандыру бағытын қолға алған ол 2015 жылы тағы бір бұқа саудалап, аналық малды 58 басқа жеткізді. Былтыр ШҚ жетекшісі ҚазАгроФинанс несие орталығынан лизинг арқылы МТЗ-82 тракторын кунымен бірге сатып алды. Саудалаған  техникасының елу пайыз демеуқаржысын алу үшін құжаттарын жинақтап, аталған несие орталығына тапсырды.

       Бүгінгі таңда А.Оразбаевтың қарамағында 76 бас ірі қара, 18 бұзау, 4 бас жылқы және бір құлын бар. Сонымен қатар жеке меншігіндегі ГАЗ-53 автомашинасы мен жеңіл автокөліктерін шаруашылығындағы күнделікті жұмыстарға пайдаланады.

         -Мемлекеттің халық игілігіне жаратсын деп беріп жатырған пайдалы да берекелі бағдарламаларына алғысымды білдіремін. Бұл бағдарламаларды дер шағында пайдаланып қалу бағытында одан әрі жұмыстанамын. Арзан пайызбен беретін жеңілдіктің ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін жандар үшін пайдасы мол,-дейді ол.

                            www.zhaikpress.kz

                                                                                   Н.Өтей

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале