16.02.2016, 17:55
Оқылды: 23

Облысымызда агроөнеркәсіп кешенін қолдауға 3766,1 млн. теңге бөлініп отыр

 Brifingggggg  Облысымызда «Агробизнес - 2020» бағдарламасы аясында агроөнеркәсіп кешенін қолдауға 2016 жылы бюджеттен 3766,1 млн. теңге бөлініп отыр.

БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Марат Оңғарбековтің айтуынша, соның ішінде өсімдік шаруашылығына 800 млн. теңге, мал шаруашылығына 2260,7 млн. теңге, өзге бағыттарға 705,5 млн. теңге қаралды.


ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен БҚО әкімдігі арасындағы 2012-2016 жылдарға арналған егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру бойынша ынтымақтастық жөніндегі меморандумға сәйкес биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 596 мың гектарға егілмек, бұл өткен жылғыдан 107,8 мың гектарға көп. Дәнді дақылдар алқабы 320 мың гектарға (2015 жылы - 260,1 мың га), соның ішінде жаздық дақылдар 210 мың гектарға жеткізілмек. Майлы дақылдар 50 мың га болса, соның 39 мың гектарын күнбағыс алмақ. Облыста мал шаруашылығын, соның ішінде еттің экспорттық әлеуетін дамыту басым бағыт алғаннан бері құнарлы азыққа деген қажеттілік артуда. Биыл мал азықтық дақылдар алқабын 214 мың гектарға жеткізу жоспарлануда. Картоп және көкөніс, бау-бақша бақылдары көлемі 12 мың гектар болса, соның 5,3 мың гектарына картоп, 4,6 мың гектарына көкөніс, 2,1 мың гектарына бақша дақылдары отырғызылмақ. Көктемгі егіске 23,5 мың тонна жаздық дәнді дақылдар тұқымы қажет болса, соның 67 пайызы (15,6 мың тонна), майлы дақылдардың 604,8 тоннасы (қажеттілік - 425 тонна, 142,3 пайыз), мал азықтық дақылдардың 739,7 тоннасы (1394 тонна, 53,1 пайыз) дайын.  Жетіспейтін тұқымды алу үшін «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ филиалдары және басқа қаражат көздері арқылы қаржы іздестірілуде. Көктемгі далалық жұмыстарды атқару үшін 12 мың тонна дизель отыны бөлініп отыр.

Биыл мал шаруашылығы бойынша 131 мың ірі қараға селекциялық жұмыстар жүргізіліп, мал басын арттыруға, оны өз төлі есебінен көбейтуге ерекше көңіл бөлінбекші. «Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін арттыру» бағдарламасы бойынша асыл тұқымды жасақтаушы шаруашылықтарды құру мен заманауи мал бордақылау кешендерін салу бойынша жоспарлы межеге қол жеткізіледі. Биыл ет экспортын 2500 тоннаға дейін ұлғайту көзделуде. Мал шаруашылығын дамыту және жаңадан шаруашылықтар құру мақсатында «Сыбаға» (жоспар 6300 бас), «Құлан» (3300), «Алтын асық» (15200), «Ырыс» (300) бағдарламалары аясындағы жұмыстар жалғасады.

Биылғы бір жаңалық, қайта өңдеу саласында жаңа бағдарлама іске қосылмақшы. Атап айтқанда, агроөнеркәсіп кешені саласындағы дайындаушы ұйымдардың қосылған құн салығы (ҚҚС) субсидияланады. Бұл жұмыс екі кезеңмен атқарылады. Алдымен дайындаушы ұйымдар ҚҚС бойынша субсидияға қол жеткізу үшін ауыл шаруашылығы басқармасына тіркелуге өтініш беріп, аккредитациядан өтуі керек.

Айта кетейік, 2015 жылы өңірдің агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 7096,1 млн. теңге, соның ішінде «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Ұлттық қор есебінен 2450,0 млн. теңге бөлінді. Салаға қаралған қаржы 2014 жылғыдан 43 пайызға артық болып, 7,1 млрд. жуық теңге түгелдей игерілді.

Өткен жылы шаруашылықтар 5,8 млрд. жуық теңге несие көздеріне қол жеткізіп, соның ішінде 1 млрд. теңгеге лизингпен 284 ауыл шаруашылығы техникалары мен қондырғылар сатып алынды.

Жыл ішінде өңірде 91,8 млрд. теңге ауыл шаруашылығы өнімдері өндіріліп, қызметі көрсетілді.

www.zhaikpress.kz

Елжан Ералы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале