5.03.2016, 13:56
Оқылды: 100

Оралда ақын Д.Мұштанованың «Адамның жаны бір жұмбақ...» атты кеші өтті

Dariga Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында өңірге танымал ақын, ұстаз Дариға Мұштанованың «Адамның жаны бір жұмбақ...» атты әдеби-музыкалық кеші өтті.


Аталмыш орталық пен Қазақстан Жазушылар одағы БҚО филиалы бірлесіп ұйымдастырған кеш барысында ақынның өлеңдері оқылып, сөздеріне жазылған әндер орындалды. Туған күні қарсаңында өткен кеште Дариға Мұштанова өзіне тілектес жыр сүйем қауыммен сырласып, көкейкесті ойларымен бөлісті. Түрлі сауалдарына жауап берді.

Белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағы БҚО филиалының төрайымы Ақұштап Бақтыгереева өнердегі сіңлісін тартымды кешімен құттықтап, шынайы лебізін жеткізді. Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов естелік сыйлық табыс етті.

Кезінде республикалық ақындар айтысына қатысып, талай рет топ жарып, жүлде алған Дариға Мұштанова жазба өлеңдер жазумен де айналысып келеді. Ол - бірнеше жыр жинақтарының авторы. Соңғы он бес жыл бойы республикадағы үздік мектептердің біріне айналған Теректі ауданы Подстепный ауылындағы «Үміт» тілдер гимназиясына басшылық етіп келе жатқан Д.Мұштанова - ҚР білім беру саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалі мен Ыбырай Алтынсарин белгісінің иегері.

Айта кетейік, Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында бұған дейін ақындар, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Ақұштап Бақтыгереева мен Ғайсағали Сейтақтың әдеби-музыкалық кештері өткен болатын. Мұндай шаралар жыл бойы жалғасын таппақ.

www.zhaikpress.kz

Елжан Ералы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале