31.10.2016, 12:10
Оқылды: 16

Оралдың кейбір аудандарында электр жарығы жоқ, әуежай жабық

 muzdak Кешеден бері үздіксіз жауған қардың әсерінен Орал қаласының «Самал» шағынауданы, Зачаган кенті және Деркөл аумағында электр жарығы сөніп қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.


«Батыс Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы» АҚ басқарма төрағасы-директоры Қуат Мусиннің айтуынша, қазіргі кезде сегіз бригада ақауды жөндеумен айналысуда. Кешке дейін электр жарығы берілуі тиіс. Қалың қардан кей жерлерде теректер құлаған. Ауа райының мұндай «тосын мінезін» жапырақтары түсіп үлгермеген ағаштар да күтпеген сынды. Облыс аудандарында да жағдай бақылануда. Облыстың оңтүстігіндегі Жәнібек, Бөкей ордасы аудандарында керісінше жаңбыр жауып тұр. Әзірге олардан электр сымдарының үзілгені жөнінде хабар түскен жоқ.

Қазіргі кезде қала көшелерінде жаппай тазалау жұмыстары жүріп жатыр. Қар еріп, мидай езілуде. Бұл автокөліктердің қозғалысына кедергі келтіруде. Түйісіп қалып жатқандары да баршылық. Кешеден бері қысқы дөңгелекке ауыстыратын орындарда да кезек көп.

«Бүгін ауа райына байланысты әуежай жергілікті сағат 12.00-ге дейін жабылды. Астанадан келе жатқан, жергілікті сағат 08.15-те қонуы тиіс ұшақ Атырауға ұшып кетті»,- деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісіне «Орал» халықаралық әуежайынан.

Айта кетейік, бұған дейін БҚО ТЖ департаменті 30-31 қазанда өңірде жауын-шашын, тұман мен көктайғақ орын алып, оңтүстік-батыстан соққан желдің секундына 15-20 метрге дейін жететіні жөнінде ескерткен болатын.

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале