19.10.2015, 9:24
Оқылды: 32

Ортақ мүдделер орайындағы басқосулар

 

9Бурабайда ТМД-ға мүше мемлекеттердің басшылары кеңесінің және Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті жиындары өтті. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен ТМД Мемлекеттері басшыларының басқосуында лаңкестік қатерлерге қарсы бірлескен іс-қимылдың, қауіпсіздік пен құқық тәртіптерін қамтамасыз етудің, Достастыққа мүше мемлекеттердің күштік құрылымдары ынтымақтастығының негізгі жайттарын қамтыған тақырыптар талқыланды. Ал Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Армения президенттерінің қатысуымен өткен Жоғары еуразиялық экономикалық кеңес отырысында әріптес мемлекеттер арасындағы ықпалдастық үдерістерін дамытуға баса назар аударылды.nan_2Бурабайда өткен Тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы мемлекеттер басшыларының кеңесі алдымен шағын құрамдағы келіссөздермен басталды. Нұрсұлтан Назарбаев төрағалық еткен жоғары деңгейдегі бұл жиынға Армения Президенті Серж Саргсян, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев, Ресей Президенті Владимир Путин, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Президенті Ислам Кәрімов, Түрікменстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Сатлык Сатлыков, Молдова Сыртқы істер және еуропалық интеграция министрінің орынбасары Андрей Галбур қатысты.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан ТМД құрылғалы бері елдеріміздің арасындағы көпжақты ынтымақтастықты жандандыруды, іс-қимылдың негізгі бағыттары бойынша интеграцияны тереңдете түсуді дәйектілікпен жақтап келе жатқанын айтты. «ТМД – бұрынғы кеңестік кеңістіктегі 11 мемлекетті біріктіретін бірегей құрылым. Біздің өңірде оған балама жоқ. Біз мұндай кездесулер аясында халықаралық саясаттың ең маңызды проблемалары бойынша сенімді ыңғайда пікір алмасып, көпжақты ынтымақтастығымыздың кез келген мәселесін талқылай аламыз. Біздің бүгінгі іс-шарамыз ТМД-ны дамыту ісіне өз үлесін қосатынына сенімдімін. Мәселелердің елеулі бөлігі қауіпсіздік және құқық тәртібін қамтамасыз етуге арналған, халықаралық шарттар топтамасына қол қою, бағдарламалық құжат-тарды бекіту, сондай-ақ ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының халықаралық терроризмге қарсы күреске және БҰҰ-ның 70 жылдығына арналған мәлімде-мелерін қабылдау жоспарланған. Ұсынылған құжаттардың іс жүзіндегі мәні зор және оларды қабылдау елдеріміздің ынтымақтастығын нығайта түсуге ықпал ететін болады», – деді Мемлекет басшысы.

Ынтымақтастық арта береді

Бұдан соң Қазақстан Президенті ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кеңейтілген құрамда өткен отырысына қа-тысты. Қазақстан басшысы өз сөзінде шағын құрамда өткен Кеңес отырысында ТМД ахуалы мен даму келешегінің мәселелері егжей-тегжейлі талқыланғанын айтты. Талқылаудан өткен тақырыптың бірі халықаралық қауіпсіздік саласындағы ахуал болға-нына назар аударды.

- Террорлық топтардың қимылы жанданғанын, олардың әрекеті орныққан әлемдік қалыпты бұзып жатқанын айту керек. Бұл жерде халықаралық терроризм көптеген елдер мен өңірлердегі жағдайға бүлдіргіштік тұрғыдан ықпал ететінін атап өткен жөн. Зорлық-зомбылықтың ушығуы бейбіт тұрғындардың, әсіресе, әйелдер мен балалардың арасындағы құрбандар санын ұл-ғайтты. Нәтижесінде бұл жағдай Солтүстік Африка және Таяу Шығыстан Еуропаға ағылған қарапайым халықтың Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең ауқымды мәжбүрлі миграциясын тудырды. Бұл мәселені шешу үшін орасан экономикалық ресурстар қажет болады. Оған қоса тұрақсыздық ошақтарын қалыптастыруды діттеген терроршылар босқын атымен жасырынып жүруі мүмкін. Менің БҰҰ Бас Ассамблеясының мінберінен айтқанымдай, Ұйымның келісімімен террорлық ұйымдармен күрестің дүниежүзілік желісін құру қажет. Бізге осы бағыттағы жұмысты күшейтіп, ТМД Терроризмге қарсы күрес орталығының әлеуетін барынша пайдалану керек. Сондықтан ТМД мемлекеттері басшыларының Біріккен ұлт-тар ұйымының 70 жылдығына және халықаралық терроризмге қарсы күреске қатысты мәлімдеме қабылдауын дер кезінде жасалған әрі қажетті шара деп санаймын, – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстанның ТМД-ға төрағалығы экономикалық тұрғыдан күрделі кезеңге тап келгенін, бірақ барлық қажетті талаптар орындалғанын айтты. «Достастық аясында жоспарланған шараның бәрі өтті. Бұдан бөлек таяуда Астанада ТМД елдерінің шығармашыл және ғылыми зиялы қауымының Х мерейтойлық форумы өтеді. Ал Душанбеде ТМД-ға мүше елдер Үкімет басшылары кеңесінің отырысы болады. Осы шаралармен Қазақстанның Достастықтағы төрағалығы аяқталады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Шара барысында А. Лукашенко Қазақстан Президенті Н. Назарбаевқа посткеңестік кеңістік аясында мемлекетаралық ынтымақ пен халықтар достығын нығайтқаны, сонымен қатар интеграциялық үдерістердің үдеуіне ұдайы ұйытқы болып келе жатқаны үшін Беларусьтің мемлекеттік марапаты – «Халықтар достығы» орденін тапсырды.

Жұмыс тиімділігі – нәтижесінен

Осы күннің екінші жартысында Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің (ЖЕЭК) кезекті отырысы басталды. Оған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Президенті Владимир Путин, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев және Армения Президенті Серж Саргсян қатысты. Жиында сөз алған Нұрсұлтан Назарбаев Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысына келген әріптестеріне өзінің құттықтау сөзін арнады.

Жиынды жүргізген Беларусь Президенті Александр Лукашенко Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің бұл жиынын ұйымдастыруда Қазақстан тарапының тыңғылықты дайындалғанын, бұл орайда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың табанды еңбек еткенін айрықша атап көрсетті. Жиын қорытындысы бойынша 15 құжатқа қол қойыл-ғанын, оның барлығы да кеңінен талқыланып, сүзгіден өткенін жеткізді.

Басқосу нәтижесінде төмендегідей шешім қабылданды. «Келесі жылдың 1 ақпанынан бастап, Еуразиялық экономикалық одақтың комиссиясына Армения Республикасы төраға болады. Комиссияны Арменияның бұрынғы премьер-министрі Тигран Саргсян басқарады. Ол бір кездері Ресей Федерациясының Президентімен бірге жұмыс істеген. Өте тәжірибелі маман. Сондықтан 2016 жылдың 1 ақпанынан бастап, оған комиссияны басқаруды сеніп тапсырып отырмыз», – деді Беларусь Президенті.

Тараптар ЕАЭО жұмысының қорытындысын шығарып, дамудың жаңа перспективаларын белгіледі. Одақ қызметінің мәселелері талқыланды, соның ішінде Еуразиялық экономикалық комиссия алқасы құрамының саны бекітіліп, оның жұмыс кестесіне өзгеріс енгізілді. ЕЭК-тің келесі жылғы басшысының кандидатурасы келісілді. Жаңа мүшелер қабылдау және ЕАЭО-дағы мүшелікті доғару тәртібі қабылданды. Отырысқа қатысушылар ЕАЭО мен «Жібек жолы экономикалық белдеуі» жұмысын үйлестіру жөніндегі іс-қимылдарға арнайы тоқталды. Мемлекеттер басшылары Одақтың үшінші елдермен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл тәртібін талқылады. Мәселен, Израильмен еркін сауда аймағы туралы келісім жасауға қатысты келіссөздерді бастау туралы шешім қабылданды.

Кеңес отырысы аяқталған соң Жоғары еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Виктор Христенко арнайы мәлімдеме жасады. «Бүгінгі кеңес жұмысы өте қарқынды өтті және күн тәртібінде ЕАЭО жұмысының келешегіне қатысты көптеген мәселелер қаралды. Комиссия жұмысын 2016 жылдың 1 ақпанынан бастап жаңарту бойынша шешімдер қабылданды. Соның нәтижесінде комиссияның 10 алқа мүшесі министрлерден тұратын болады. Осылайша алқада мемлекеттердің өкілдігі екі адамнан құралады. Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына мү-ше болуына байланысты мемлекеттер басшылары мәліметтерді Одақ нормаларында жүзеге асыруды қамтамасыз ететін құжаттар пакетін қабылдады. Бұл, бір жағынан, Қазақстанның ДСҰ-ға кіруімен қабылданған міндеттемелерін нарықта қолдануына мүмкіндік береді, екінші жағынан, Одақ бойынша серіктес мемлекеттерге ешқандай шығын келтірмейтіндей, тариф айырмашылығына алып келмейтіндей етіп басқару жүйесін құруға жол ашады», – деді ол.

Сонымен бір күнде өткен қос маңызды отырыс аяқталды. Ондағы қаралған мәселелердің барлығы да өзекті. Сондықтан да осы күні қабылданған әрбір шешім, бекітілген әрбір құжат еліміз үшін аса қажет әрі мәні зор екені анық.

www.zhaikpress.kz

 «Егемен Қазақстан» 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале