11.11.2015, 19:23
Оқылды: 14

Су тапшылығы елді алаңдатуда

Janakala su tapshiligi  Жаңақалалықтардың биылғы қайғысы – су болып отыр. Аудан жері жартылай шөлейтті болса да судан мұндай тапшылық сирек кездесетін.

Халықтың жаз бойы демалатын жері – су түспеген Соркөл тартылып, саси бастады. Су іздеген мал сағасына топырлап, балшыққа батып өлуі орын алды.

Бұл Дөңгелек арқылы су алатын аудан жерінің жағдайы. Қазір бар мал суы бар канал, көбіктерді жағалап жүр. Ертең  ол аз су бауырлап қатып, қар түспей қара суық болса, қырылмағанда қайтеді?

Облыстағы «Қазсушар» мекемесінің басшылары су берілетінін айтады. Жайықта жоқ суды қайдан алады? Түсінбедік.

- Су облыс бойынша тапшы. Дөңгелек су қоймасындағы судың қалыпты деңгейі 10,5 метр болуы керек. Қазір 8,62 метр. Соған қарамастан Қарақұдық каналына су түсіру үшін Тайпақ магистралды каналынан  секунтына бір текше метр су беруді бастадық. Мақсат – қысқы мезгілге сол беттегі елдің малына канал, көбіктерге су толтырып алу.

Пятимар су қоймасындағы судың деңгейі 3,82 метр. Қалыптысы 4,5 метр болуы керек. Бұл су аудан орталығына берілетін ауыз су деңгейін ұстап отырудан ауыспайды,-дейді «Қазсушардың» аудандағы өкілі Ербол Төлеуғалиев. Ащы да болса шындық осы. Су басшысы Борық, Қарақұдықты ғана сумен қамтуды көздеп отыр. Көпжасар, Жаңақала, С.Меңдешев ауылдық округтері үшін  су мәселесі биыл шешілмейді. Демек, малдың шөлден қырылмауы түсетін қарға тәуелді.

Жаңақазан айдындарының жағдайы да мүшкіл еді. Сарыөзеннен Айдынға су түсіп жатқанын естіп қуандық. Ал Қараөзеннен келер су қарық қылмай отыр. Бұл өзеннің аяғындағы Мәстексай, Мұқыр, Сарыкөл ауылдары, сол өзен салаларын жағалай қонған шаруа қожалықтары су тапшылығын айқын сезінуде. Су түспесе бұл маңдағылардың да қыстағы жағдайы жақсы болмайды.

www.zhaikpress.kz

Өмірзақ Ақбасов

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале