25.12.2015, 10:45
Оқылды: 19

Сырымда спортшылар балы өтті

Sirim Yzdik sportshi   Сырым ауданы орталығындағы «Жолаушы» мейрамханасында спортшылар балы өтті. Аса бір салтанатты сипаттағы шара жылдың үздік спортшылары мен ауданның спорт саласында жеткен жетістіктері үшін еңбек еткен мамандарды ұлықтау мақсатында ұйымдастырылды.


  Шараның құрметті қатысушыларын аудан әкімі Абат Шыныбеков жылдың табысты аяқталуымен құттықтады. Құр құттықтап қоймады, спортшылар мен жаттықтырушылардың еңбегіне, осы саланың қызметкерлерінің жұмысына алғысын айтты, жақсылықтар жылдан – жылға жалғассын, жаңарсын деген бағыттағы тілегін білдірді.

  Балдың барысы әрі қарай бірыңғай марапаттауларға ұласты.

Жуырда Атырау қаласында өткен самбодан Азия чемпионатының жүлдегерлері атанған жерлестеріміз Айбек Ғабдешев пен Айзан Отарбаеваға және Израйль елінде өткен спорт шеберлері арасындағы Әлем чемпионатында қола жүлдегер атанған Қанат Жанғалиевке алғыс хат тапсырылды.

Спорт саласы бойынша таңдалған биылғы үздіктердің қатары былайша толықты:

«Жас спортшы» аталымын Қожахметов Мәулет жаттықтыратын жас балуан Диас Қуанышкереев алды. «Үздік команда» болып облыстық турнирдің жеңімпазы болған Қ. Мырзалиев атындағы орта мектептің қол добы командасы танылды, ал паролимпиада ойындарының облыстық кезеңінің жүлдегері Кәкім Жұмағалиев «Табандылығы мен жігерлігі үшін» марапатталды.  «Үздік спорт ұжымы» аталымын аудандық балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық орталығы алды. Бұлдырты ауылдық округінің әкімі Ерлан Мақашев «Спортқа жанашыр үздік ауыл әкімі» болды. Нұрмұханов Әскер жаттықтыратын тағы бір жас балуан Ақылбек Зайдолла «Үміт артар спортшы», Орынбасар Жұмабаев «Үздік спорт қызметкері», Дархан Жанқылышев «Спортшы мемлекеттік қызметкер», қазақ күресінен спорт шебері, жергілікті спорт мектебінің жаттықтырушысы Ержан Шүкіров «Үздік жаттықтырушы», Қызылағаш негізгі мектебінің мұғалімі Жайдарбек Сельбаев «Үздік денешынықтыру пәнінің мұғалімі», Аралбай Меңешов «Үздік спорт әдіскері» аталымдары бойынша марапаттарға ие болды. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жанындағы бокс үйірмесінің шәкірті Қайнар Жұмақаев биыл «Жыл серпілісі  - 2015» атанды. Жас бапкер Тайман Оразбаевтың шәкірті Қайнар күні кеше облыстық бокс бәсекесінің чемпионы атанып еді.

Осы сияқты спорт жанашылары мен бірқатар спорт ұжымдарының мүшелеріне нәтижелі еңбектері үшін алғыс хаттар табыс етілді. Олардың ішінде облыстық спартакиадаларда аудан намысын қорғап жүрген ауданның әйелдер арасындағы волейбол, баскетбол құрамасының мүшелері және шағын футболдан аудан құрамасының ойыншылары, сонымен қатар ауданның кейбір кәсіпкерлері бар.

Спортшылар балына қатысушы меймандар үшін «Жолаушы» мейрамханасында мерекелік дастархан жайылды. Шараның салтанатты бөлігінде аудандық «Демалыс орталығы» мекемесінің әншілері өнер көрсетті.

www.zhaikpress.kz

Бауыржан Ширмединұлы

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале