20.11.2015, 15:49
Оқылды: 36

«Сырым елі» газетінің 85 жылдығы аталып өтілді (ФОТО)

 

�;

Сырым ауданында «Сырым елі» аудандық газетінің 85 жылдығы кеңінен аталып өтілді.

Аудандық мәдениет үйінде өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияда «Сырым елі» газеті редакциясының ұжымын аудан әкімі Абат Шыныбеков құттықтап, бұқаралық ақпарат құралдарының Елбасы мен мемлекет саясатын халыққа жеткізудегі рөлі зор екендігін атап көрсетті. Басылым ардагерлері мен қызметкерлеріне аудан әкімінің алғысхаттары тапсырылды.


Газет редакциясын сондай-ақ «Жайық Пресс» ЖШС атынан бас директордың орынбасары Ғайсағали Сейтақ құттықтап, тарту-таралғыларын табыс етсе, Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің директоры Айнагүл Ойшыбаева, «Сырым елі» газетінің бас редакторы Махмет Қажиахметов басылым тарихы жөнінде баяндамалар жасады.

Белгілі журналист әрі Батыс Қазақстандағы баспасөз тарихын зерттеуші Қазыбек Қабжанов газетке байланысты құнды деректер келтірді.

Кезінде «Қызыл ту», «Қайнар» сынды атаулармен басылып шыққан қазіргі «Сырым елі» газетінің бастауы 1930 жылдан есептелгенмен, оның тарихы әріде екендігі дәлелденіп отыр. Айталық, 1920 жылдары осы өңірде «Еркін қазақ», «Ерік» газеттері жарық көрген. Осыған орай Жымпитыда Алаш қайраткерлерінің бірі, ақын, ағартушы, Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың әкесі Ахмет Мәметов сынды ұлт зиялыларының жұмыс жасағаны кейінгі ұрпаққа абырой екендігі анық. Сол А.Мәметов Оралда жарық көрген «Қызыл ту» газетінің 1926 жылғы 8 қаңтар күнгі №3 санында «Менің есімде қалғандар» деген мақаласында Жымпитыда «Ерік» газетін 1920 жылдардың аяғына дейін шығарғандығын жазып кеткен. Кейін өзі Оралдағы «Қызыл ту» газетіне ауысуына байланысты оның ісін басқалар жалғастырған. Осылайша 1920 жылдың ортасынан 1923 жылға дейін «Ерік» газеті Жымпитыда шығып тұрған. Оған қоса 1928 жылы Оралдан «Қызыл ту» газеті осында көшірілген. 1930 жылы аудандық газет шыққан кезде атауының «Қызыл ту» аталуы осыған байланысты болса керек. Демек, «Сырым елі» газетінің тарихын әлі де зерттеп, зерделеудің маңызы зор.

Аудандық газет отызыншы жылдар зобалаңын, қырқыншы жылғы қиындықтарды, тоқырау жылдарын елмен бірге бастан кешірді. Осы мерзімде газетке 24-тей бас редактор басшылық етсе, олардың арасында кейін республикалық, облыстық басылымдарда жемісті қызмет атқарған Ғұбаш Жөндібаев, ақын Қуан Тастайбеков, Ғалиасқар Қосанов секілді белгілі есімдер бар. Тіпті 1955-1958 жылдары редакцияға Бақыт Сейтжанова есімді әйел адам басшылық етті. Ұзақ жыл атқарғандар ішінен Уәли Сұлтанов (1967-1973), Бақтығұл Ойшыбаев (1973-1987), Энгельс Шыңғалиды (1987-2001) айрықша атауға болады. Уәли Сұлтанов 1973 жылы газетке Алашорда туралы мақала жарияланып кеткені үшін жазықсыз айыпталып, қызметінен қуылса, оның орнына келген прозашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, бірнеше кітаптың авторы Бақтығұл Ойшыбаев көп жылдар бойы газетті сапалы шығарумен бірге жас журналистерге бағыт сілтей білді.

Газеттің 85 жылдығына орай редакцияның бұрынғы ғимаратында (қазір Сырым колледжі) биыл 75 жылдығы аталып өтілген Б.Ойшыбаевқа (1940-1997)  ескерткіш тақта орнатылды.

Қазіргі таңда да «Сырым елі» газеті редакциясы өзіне жүктелген міндетті барынша атқарып келеді. Соңғы жылдары «Жайық Пресс» ЖШС-ына қосылғаннан бері редакцияның материалдық-техникалық жағдайы жақсарып, аудан басшылығының қолдауымен дербес баспанамен, жаңа автокөлікпен қамтамасыз етілді.

«Сырым елі» газетінің мерейтойлық шаралары аясында оның бас редакторы, ақын Махмет Қажиахметовтың 60 жасқа толуына орай шығармашылық кеші мен «Көгершін көңіл» атты жыр кітабының таныстырылымы болды.

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале