26.08.2016, 11:02
Оқылды: 34

«СЫРЫМ INVEST - 2016» атты кәсіпкерлердің ауданаралық форумы өтті

«СЫРЫМ INVEST - 2016»   Сырым ауданында «СЫРЫМ INVEST - 2016» атты кәсіпкерлердің ауданаралық форумы өтті. Ауданымыздағы кәсіпкерлікті дамытуға тәжірибелік ықпалды қолдану мен ауданның экономикалық әлеуетін арттыру үшін жаңа инвестициялық жобаларды ынталандыру үшін ұйымдастырылған форумның жұмысына облыс аудандары мен көршілес Ақтөбе және Атырау облыстарының кәсіпкерлері қатысты.


Күннің басында форумның құрметті қонағы, Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов және оның әріптестері аудан орталығындағы ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесінде болды. Ауылшаруашылығы тауарлары бағаларының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жылдың маусым айынан бері Жымпитыда 10 рет осындай ауылшаруашылығы жәрмеңкесі өткізілді. Жаңағы жәрмеңкелерге 57, 1 тонна өнім әкелініп, 7, 2 млн теңгеге сатылды.

Осы күні аудан орталығындағы су жаңа  «EVEREST» супермаркетінің салтанатты ашылу шарасы болды.

«EVEREST» супермаркеті – қызметі заманауи қолайлылықтарға үйлестірілген аудандағы алғашқы әмбебап сауда орталығы. Орталықтың ғимарат алаңының аумағы 1500 шаршы метрді құрайды. Супермаркеттің құрылысын сауда орталығының иелері Мелс Сапаров пен Медет Кәкімов өз қаражаттарына жүргізді. Ал айналым қаражатына және сауда үйіне керекті құрал – жабдықтарды алу үшін кәсіпкерлер «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасының мүмкіндігін пайдаланыпты.  Жобаның жалпы құны 57 млн теңгені құрайды.

Халықаралық маңыздағы Самара – Шымкент күре жолындағы жолаушылар ағынының жылма – жыл артуы жаңа сауда орталығының табысты жұмыс жасауына оң ықпал береді деп күтілуде. Сауда орталығы облыс орталықтарындағы әмбебап маркеттер ұсынатын қызметтер мүмкіншілігін толығымен ұсынып отыр. Орталық сөрелерінде азық – түлік, тұрмыстық қолданысқа қажетті заттар және тұрмыстық техника, тіпті құрылыс тауарлары сатылатын болады.

Жаңа нысан арқылы 20 адамға тұрақты жұмыс орыны ашылды.

ҚР Конституциясының 21 жылдығына орай Жымпитыда жолаушыларға қызмет көрсететін тағы бір жаңа нысан жұмысқа кірісті.

«Үш ата» кафесі – Самара – Шымкент күре жолының бойында орналасқан қоғамдық тамақтану орыны. Жобаның құны – 2 млн 400 мың теңгені құрайды. Жоба «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020»  мемлекеттік бағдарламасы арқылы қаржыландырылып отыр.

         Нысанның иесі Арсен Бақтығалиев «Үш ата» кафесі тек бастапқы нысан ғана дейді. Алдағы уақытта ғимараттың маңына автотұрақ салынады. Қазір бұл жерде жаңа кафенің қожайынына тиесілі дүкен жұмыс жасайды. Келесі жылы кешеннің автокөліктерге техникалық қызмет көрсететін бөлігі іске қосылады.

«СЫРЫМ INVEST - 2016» атты кәсіпкерлердің ауданаралық форумының салтанатты ашылуы Сырым аудандық денешынықтыру – сауықтыру кешенінде өтті.

  • Сырым ауданының инвестициялық әлеуеті облыстың басқа аудандарына қарағанда жоғары. Себебі аудан Самара – Шымкент халықаралық трассасының бойында тұр.

Аудандағы кәсіпкерлік субьектілерінің мемлекеттік бағдарламаларға қатысуы деңгейі жылма артып келеді. «Агробизнес – 2020» бағдарламасының 9 бағыты бойынша тек 41 жобаның өзі осы Сырым ауданында жүзеге асырылып жатыр. Жалпы айтқанда, бұл өңірде еңбегінің қайырын көріп отырғандар көп.

 «СЫРЫМ INVEST - 2016» атты кәсіпкерлердің ауданаралық форумы әлі де жаңа жұмыстарға бастамашы болады деп сенемін. Іске сәт, әріптестер! – деді форумның ашылуында сөз сөйлеген Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов.

Форум жұмысының сәтті басталуымен аудан әкімі Абат Шыныбеков, «Әнуар» ШҚ жетекшісі Бейбіт Бисенов құттықтады.

«СЫРЫМ INVEST - 2016» атты кәсіпкерлердің ауданаралық форумының әрмен қарайғы жұмысы «Қазақстанда жасалған!» атты көрмеге ұласты.

Көрмеге Ақжайық, Бөрлі, Бөкей ордасы, Жаңақала, Зеленов, Қаратөбе, Шыңғырлау, Тасқала және Ақтөбе облысының Қобда ауданы, Атырау облысының Қызылқоға, Индер аудандарының тауар өндірушілері өз өнімдерін қойды.

Бұлардың ішінде консервіленген тағамдардың 115 түрін өндіретін Орал қаласындағы «Кублей» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, Қаратөбе ауданындағы «ДЕМ» минералды суын өндіруші кәсіпорын, Индер ауданындағы құрғақ гипс қоспаларын өндіруші «ПромСтройЦентрСервис» серіктестігі, Қобда ауданындағы ұн өнімдерін өндіретін «Қобда - Жер» серіктестігі сияқты өңірге танымал брендтер бар.

Түс ауа форум қатысушылары Жымпиты ауылындағы тарихи – мәдени орындармен танысты.

Кейін аудандық мәдениет үйінде «СЫРЫМ INVEST - 2016» атты кәсіпкерлердің ауданаралық форумының семинар кеңесі басталды. Кеңеске аудан әкімі Абат Шыныбеков төрағалық етті.

Кеңестің кіріспе бөлімінде БҚО кәсіпкерлік және индустриалдық инновациялық даму басқармасының басшысының орынбасары Руслан Сапарғалиев, БҚО кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Нұржан Мақсотов, Ақтөбе облысы, Қобда ауданының әкімі Мейрамбек Шермағанбет сөз сөйледі. Сол сияқты, БҚО қаржы мекемелерінің хабарламалары тыңдалды. Семинарда Жәңгірхан атындағы БҚАТУ – дың ғылыми қызметкерлері «Балық шаруашылығын дамыту жолдары» шеберлік сабағын өткізді.

Сырым ауданында шағын және орта бизнестің дамуы, мемлекеттік бағдарламардың дамуы туралы күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбеков баяндама жасады.

Әр кәсіп иесі, әр инвестор өз қаражатын тиімді пайдалану мақсатында табысын арттыруға кепілді, қолайлы инвестициялық климаты қалыптасқан аймаққа қызығушылық танытады. Сырым ауданы – нақ осындай аймақтардың бірі. – деді аудан басшысы. Ол сөзіне дәлел ретінде Сырым ауданында бизнесті дамытудағы 10 даму мүмкіндігі атады.

Оның біріншісі – Сырым ауданында ауылшаруашылық жерлерінің жеткілікті болуы. Ауданда 511, 2 мың гектар босалқы жер бар. Осы сияқты мал басының тұрақты өсімде болуы да аудан жайында оң әсер қалыптастырады. Өлеңті, Шолақаңқаты су жүйелерінің қалпына келтіру жұмыстары  аяқталса суармалы жерлерге, бақша, балық және мал шаруашылығын дамытуға мүмкіндік молаяды. Аудандағы шағын елді мекендерде инфрақұрылымдар сақталған, аудан территориясы Ақсай, Ақтөбе, Атырау және Орал қалаларына шығуға өте қолайлы. Аудан орталығында жолаушылар қозғалысы мен жүк тасымалының динамикасы кейінгі жылдары мықтап өскен. Сырым ауданының бай тарихы мен қайталанбас табиғаты, туризмдік ерекшеліктері де – үлкен тиімділік. Бастысы, Сырым ауданы кез – келген бизнес бастаманы жүзеге асыруға іс жүзінде қолдау білдіре алады. Аудан әкімі осыны айтты.

«СЫРЫМ INVEST - 2016» атты кәсіпкерлердің ауданаралық форумының жұмысы аяғында кәсіпкерлердің өзара сындарлы, айқын және тиімді қызмет ету қағидалары негізінде өңірлер арасындағы кәсіпкерлікті өркендету және одан әрі дамыту үшін институционалдық негізді қалыптастыру біріккен және келісілген әрекеттерді жүзеге асыру үшін ауданаралық меморандумдарға қол қойылды. Меморандум жасасқан заңды тұлғалардың ішінде Сырым ауданында инвестициялық жобаның жұмысына кіріскелі отырғандар да бар. Бұл форум өзінің жұмысын ақтай бастады деген сөз.

Аудан әкімі Абат Шыныбеков форум қатысушыларына алғыс хаттар табыстады.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ

Сырым ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале