7.06.2016, 18:26
Оқылды: 20

«Сәтті қадамның» жаңа бағыттары

Jas Otan    Бүгін «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы ғимаратында «Сәтті қадам» партиялық жобасы туралы брифинг ұйымдастырылды.

    Шара барысында «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Нұрғали Жолдасқалиев өңір журналистеріне аталмыш жобаға енгізілген өзгерістер жайында әңгімелеп берді.


    - «Жас Отан» жастар қанаты 2013 жылдан бастап «Сәтті қадам» жобасын жүзеге асырып келеді. Жобаның басты мақсаты – жастарды облыс көлеміндегі ірі компаниялар және мемлекеттік органдарда үш айлық тағылымдамадан өткізу болатын. Биылдан бастап аталмыш тағылымдама өңір жастары үшін Астана және Алматы қалаларында ұйымдастырылмақ. Бұдан бөлек жобаның жаңадан енгізілген тағы екі бағыты бар. Оның бірі – жетімдерді жұмысқа орналастыру, екіншісі – жалпы жастардың жұмысқа орналасуына жағдай жасау. Облысымызда өткен жыл мен биылды қоса есептегенде жетімдерден мамандық иесі атанып тұрған 193 жас бар екен. Олардың 58-і ЖОО түлегі болса, 135-і колледжде білім алған. Осы жастарды бұған дейін жоба аясында түрлі компаниялармен жасалған меморандумдар бойынша жұмысқа орналастыратын боламыз. Бұл бағытта 2015 жылға дейін 11 компаниямен келісім жасалған болса, биыл олардың қатары тағы бес ұжыммен толықты. 2015 жылы еліміз бойынша 5 130 жас «Сәтті қадам» бойынша тағылымдамадан өтуге өтініш білдірген. Сұхбаттасудан кейін олардың 1 669-ы тағылымдамаға жіберілген. Солардың ішінен үш айлық тағылымдамадан өткеннен кейін 145 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. «Сәтті қадам»-ның басты мақсаты - жастардың өз мүмкіндіктерін көрсете білуіне жол ашу. Облысымыз бойынша айтар болсақ, осыған дейін мұндай тағылымдамадан өту нәтижесінде бір ғана адам жұмысқа орналасты. Бірінші сәуірдегі мәлімет бойынша облысымызда 791 жұмыссыз жас тіркелген. «Сәтті қадам» жобасына қатысам деушілерге құжаттарды қабылдау жыл бойы жүргізіледі, - деді «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Нұрғали Жолдасқалиев.

www.zhaikpress.kz

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале