27.05.2016, 19:16
Оқылды: 25

Тұрғындар көтерген мәселе ескерусіз қалмайды

 555  Қаламыздағы Достық үйінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов қоғамдық қабылдау өткізді. Жер реформасына орай болған шараға өңіріміздегі мемлекеттік құрылым жетекшілері, облыстық мәслихаттың депутаттары қатысты.


         Қабылдауға бірінші болып Орал қаласының тұрғыны Тасболат Шөкеев келді. Ол өзінің саналы ғұмырын ауыл шаруашылығы саласына арнаған. Яғни кеңес заманы тұсында Жәнібек ауданында зоотехник, ферма меңгерушісі болды, артынан кеңшар басқарды. Тасболат ағамыздың ойынша, еліміздің тәуелсіздік алғанына жиырма бес жыл уақыт өтсе де мал шаруашылығы дами алмай тұр. Әсіресе төрт түлік саны артпай отырғандығына қынжылады. Оның басты себебі жем-шөп қорының аздығы деп біледі. Соған орай ауылдағы тұрғындар үшін мал азығы мәселесін шешуге мемлекет тарапынан бір шара алынғаны дұрыс. Екінші мәселе қой шаруашылығына қатысты, нақтылап айтқанда жүннің еш кәдеге аспай жатқанына уайымдайды.

         -Сіз айтып отырған кеңес үкіметі тарапынан мал шаруашылығын дамыту бағытында қолға алынған іс-шараларының шет жағасын біз де көріп қалдық. Өзіңіз жақсы білесіз, тәуелсіздіктің елең-алаң шағында халқымыз малмен күнелтті. Тамағына, киіміне, өзге де қажеттеліктеріне осы малды пайдаланды. Сөйтіп төрт түлігіміз азайды. Еліміздің экономикалық жағдайы жақсарғаннан соң, ауыл шаруашылығы саласы да өркендей бастады. Мал саны жыл өткен сайын көбейіп келеді.  Мәселен, бүгінгі таңда облысымызда 520 мың бас ірі қара, 1,2 млн. бас қой-ешкі, 131 мың бас жылқы бар. Талдау нәтижелері көрсетіп отырғандай бұл малдың саны 1993-1994 жылғы өңіріміздегі төрт түліктің санына тең. Қазір осы малдардан 180 мыңдай бұзау, 450 мыңдай қозы, 35 мыңдай құлын алынды. Бұл 90-шы жылдардағы көрсеткіштен көп. Облысымыз бойынша жалпы малдың 52,7 пайызы шаруашылықтардың еншісінде, қалғаны жекенің, яғни тұрғындардың қолында. Тұрғындар мал азығымен қамтылу үшін жергілікті атқарушы билік тарапынан тиісті шаралар алынуда. Екінші мәселеге қатысты айтсақ, біз қой мен ірі қараның терісін өңдейтін өндіріс орнын салып жатырмыз. Ал қазір бұрынғыдай таза биязы жүн беретін қой жоқ бізде. Бұрынғы қойларымыздың тұқымдары етті, етті-жүнді бағыттағы қойлармен будандастырылуы нәтижесінде сапалы жүн беретін қой қалымады қазір. Сол себепті біздегі жүндер әлемдік нарықтағы талапқа сай емес. Ал сапасыз жүнге сұрыныс жоқ. Дегенмен де жыл өткен сайын малдарымыздан алынатын өнім сапасының аруына көңіл бөлініп келеді. Оған мемлекет тарапынан тиісті қолдау шаралары көрсетілуде. Сөзім жалаң болмас үшін сізге «Агробизнес-2020» бағдарламасы бойынша облысымызда жүзеге асқан және жоспарланып отырған іс-шараларды анықтама ретінде бергізейін,-деді Арман Кәрімұлы.

         Одан кейін қоғамдық қабылдауға келген тыл және еңбек ардагері Бақытжан Салахатдинов жер реформасына байланысты құрылған республикалық комиссияның жұмысын оң бағалайтынын айтты. Ардегер бұл жерге екі мәселемен келіпті. Бірі – жер, екіншісі пәтер.  2004 жылдан бері Орал қаласында жердің кезегінде 765-ші болып тұрса, пәтер кезегінде реттік саны - бес мыңның орта тұрсында. Қазір Орал қаласындағы қызының қолында көппәтерлі жайлы үйдің бесінші қабатында тұрып жатыр. Жасы сексен беске келген соң жоғарыдан төменге түсу оңай емес. Кезінде уақытпен санаспай жасаған еңбегі қазір мемлекет тарапынан ескерілсе екен дейді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары еңбек ескерусіз қалмайтынын жеткізді.

    Орал қаласының тұрғыны Алтай Есенғалиевті де жеке тұрғын үй салу үшін берілетін жер мәселесі мазаласа, еңбек ардагері Ескендір Сұлтанғалиев Қаратөбе ауданы Аққозы ауылындағы Жақсыбай өзеніне көпір салу мәселесін көтерді. Қоғамдық қабылдауға қатысып отырған құзырлы мекеме басшылары алдағы уақытта бұл мәселелерге орай тиісті іс-шаралар алынатынын айтты.

www.zhaikpress.kz

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале