5.03.2016, 13:35
Оқылды: 20

Тұтынушы, құқығыңыз бұзылса, хабарласыңыз!

Antiled  Қазіргі технологияның дамыған кезеңінде тауар туралы ақпараттар қалай беріледі, олар тұтынушының көңілінен шыға ма, тиісті мәліметтер өз деңгейінде толық түсіндіріле ме,  осы сұрақтарға жауап іздейік.


Бірде Орал қалалық тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасына  бір тұтынушы әділдік іздеп, көмек сұрап келді. Бір дүкеннен автокөліктің әйнегіне қырау тұрғызбайтын силикон майын сұрайды. Сатушы оған мұз қатуға қарсы «антилед» бүріккішін «сұрағаның осы» деп сатып  жібереді. Әлгі тұтынушы сатып алған нәрсесін автокөлігінің барлық әйнегіне айналдырып шашып шықпай ма.  Нәтижесінде әйнектен сорғалап аққан сұйықтық көлік шанағына жетіп, көліктің сыртқы бояуының түсі әп-сәтте алабажақ боп өзгеріп шыға келеді. Тұтынушы кері сатушыға  барады. Тұтынушы сұраған тауардың орнына басқа тауар сатқаны өз алдына, сол тауар туралы тиісті ақпарат бермеген сатушы көлікті қалпына келтіруден бас тартады.  Тұтынушы автокөлігін түгел қайта сырлатып, біраз шығынға батқан.

Бұдан басқа, жөнделген ұялы телефондарды, тұрмыстық техникаларды, киілген киім –кешектерді  тұтынушыға сату кезінде оның кемшіліктері туралы сатушымен тиісті ақпарат берілмейді. Тұтынушы соңынан сапасыз тауарға шағымданып,  тиісті мекемелердің есігін қағып, табанын тоздырады.

         Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 10-бабында көрсетілгендей тұтынушының тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) туралы, сондай-ақ сатушы (дайындаушы, орындаушы) туралы осы Заңның 25-бабына сәйкес толық, дұрыс және уақтылы ақпарат алуға құқығы бар.

Егер тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) туралы, сондай-ақ сатушы (дайындаушы, орындаушы) туралы толық емес, дұрыс емес және уақтылы емес ақпарат беру:

   -тұтынушыға қажетті қасиеттері жоқ тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) сатып алуға әкеп соқса, ол шартты бұзуға және өзіне келтірілген залалды өтеуді талап етуге құқылы;

   -сатып алынған тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) мақсатына сай пайдалану мүмкіндігінің болмауына әкеп соқса, тұтынушы тауарды сатып алған (жұмыс орындалған, қызмет көрсетілген) күннен бастап күнтізбелік үш күн ішінде тиісті ақпарат беруді талап етуге құқылы. Егер көрсетілген мерзімде ақпарат берілмесе, тұтынушы шартты бұзуға және өзіне келтірілген залалды өтеуді талап етуге құқылы;

 -тұтынушының өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне зиян келтіруге әкеп соқса, ол сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға) осы Заңның 16 және 31-баптарында көзделген талаптарды қоюға құқылы.

         Сонымен қатар, қала тұрғындарының назарына  тұтынушылық құқықтары бұзылғаны туралы арыз-шағымдары мен  ұсыныстарына арналған  арнайы жәшіктер Евразия даңғылы бойындағы «Аквариум» СҮ және С.Датұлы даңғылы бойында орналасқан «Мечта» СҮ орнатылған хабарлаймыз.  Жәшікке түскен өтініштер Орал қалалық тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасымен қаралады.

www.zhaikpress.kz

Меңтай Сұлташева

 Орал қалалық тұтынушылардың

құқықтарын қорғау басқармасы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале