29.09.2015, 19:14
Оқылды: 34

Хан ордасында тұңғыш баспахана үйіне ескерткіш тақта орнатылды

Han Orda01    Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылында Қазақстандағы тұңғыш баспахана үйіне ескерткіш тақта орнатылды.

Оның ашылу рәсімінде аудан әкімі Нұрлан Рахымжановтың атап өткеніндей, Хан ордасы - еліміздегі тарихи мекендердің бірі. 1826 жылы іргесін Жәңгір хан қалаған Ордада тұңғыш мектеп, қазынашылық үйі, қару-жарақ палатасы, аурухана және басқа ғимараттар ашылып, ел игілігіне айналды. Соның бірі - баспахана. Ордада 1911 жылы ұлт зиялыларының қолдауымен «Қазақстан» газеті шықса, 1917 жылы Алаш қайраткерлерінің үніне айналған  «Ұран» басылымы жарық көрді.

«Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин кеңестік саясатқа сәйкес Хан ордасындағы баспахана 1918 жылы ашылды деп көпке дейін бұрмаланып келгендігін жеткізді. Әрі ол Қазақстандағы тұңғыш кеңестік баспахана деп аталды. Тіпті соны айғақтайтын тақтайша әлі тұр. Шын мәнісінде ол кеңес өкіметі орнамастан бұрын да жұмыс жасап тұрған. Оған дәлел - аты алты Алашқа мәлім ағартушы, сегіз тіл білген ғұлама Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің редакторлық етуімен 1917-1918 жылдары «Ұран» газетінің шығуы. Мұның кеңес дәуірінде аталмауының сыры оның «Алаш» қозғалысының үні болғандығында. Аталған басылымның толық емес сандары тек соңғы кезде ғана табылып, соның нәтижесінде жеке кітап болып шығарылды. Енді бүгін тарихи ғимаратта ескерткіш тақтаның орнатылуы Қазақ хандығының 550 жылдығына қосылған үлес болып табылады.

Хан ордасы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сисен Байзонов өлкенің тарихын ұмытпай, жарқын істерді жас ұрпақтың жадында қалдыру үшін осындай өрелі шаралардың қажет екендігіне тоқталды.

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале