9.11.2016, 10:36
Оқылды: 30

«Чек талап ет те, сыйлық ұтып ал»

ZH-350x350Батыс Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінде өткен шарада «Чек талап ет те, сыйлық ұтып ал» атты акцияның бірінші кезеңі қорытындыланды.

Мұндай акцияны Мемлекеттік кірістер комитеті «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы және бизнес өкілдерімен бірлескен түрде жыл сайын ұйымдастырады. Ол сатып алушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастырумен бірге көлеңкелі экономиканы болдырмауға септігін тигізеді.

- «Чек талап ет те, сыйлық ұтып ал» акциясы бірінші қазаннан он бесінші желтоқсанға дейінгі аралықта үш кезең бойынша өтеді. Алғашқы екі кезең қазан және қараша айлары бойынша облыстық, ал үшінші кезең республикалық деңгейде ұйымдастырылады. Акцияның республикалық кезеңіндегі бас жүлде - Skoda аутокөлікі болмақ. Ол үшін сауда жасаушылар алған чегін суретке түсіріп, оны ұялы телефонға тегін орнатылатын wipon мобильді бағдарламасы арқылы орталықтандырылған серверге жіберуі тиіс. Бұл жайында халықты алдын ала хабарландыру жұмыстары жүргізілді. Акцияның бірінші кезеңіне қаламыздан 700-ге жуық адам қатысып отыр. Олардың жолдаған чектері бойынша ұтыс ойыны жасалып, үш жеңімпаз анықталады. Сондай-ақ, чекті ең көп жолдаған адам анықталып, оған ынталандыру сыйлығы табысталады, - дейді БҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментіне қарасты Мемлекеттік қызметтер көрсету басқармасының басшысы Тимур Төлепов.

Өңір журналистерінің көзінше жүргізілген ұтыс ойынының нәтижесінде үш жеңімпаз анықталып, олардың бәріне бір-бірден қысқа толқынды пеш сыйға бұйырды. Сондай-ақ бір өзі 416 чек жолдаған Алтынай есімді акцияға қатысушы ынталандырушы сыйлық - үтікке ие болды. БҚО бойынша мемлекеттік кіріс департаментінің мамандары оларға табан астында телефон соғып, ұтыс ойынының жеңімпаздары атанғанын хабарлады.

Осы шарада жоғарыда аты аталған басқарма басшысы журналистерге үстіміздегі жылдың он айы бойынша мүлікті жария ету барысы туралы ақпар берді.

- Бүгінгі таңда жергілікті атқарушы орнгандарға мүлікті заңдастыру бойынша жалпы құны 3,5 млрд. теңгені құрайтын 537 өтінім түсіп отыр. БҚО азаматтарының иелігіндегі Чехия, Болгария, РФ секілді шетелдегі мүліктер бойынша алты пәтер, екі тұрғын үй заңдастырылуда. Олардың жалпы құны 41 миллион теңгені құрайды. Ақшалай қаражатты заңдастыру аясында 83 жеке тұлғадан 4 млрд. теңгеге жуық қаражат жария етілуде. Заңдастырылған мүлік тәркілеуге жатпайды. Екіншіден, сот процесінде меншік иесіне қарсы айғақ зат ретінде қолданылмайды, - деді Тимур Нұржанұлы.

 

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ

«Орал өңірі»

www.zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале