18.08.2015, 16:29
Оқылды: 34

Шабандоз ару

шабандозЖастайынан атқа шауып, шабандоз атанған қаршадай қыздың бойында өжеттілік, қайсарлық тұнып тұр. Аралтөбе ауылының үлкен-кішісі Әйгерім Ғұмарованы осы бір мінездері үшін жақсы көреді.

Әкесі Ғұмаров Мақат «Жымпиты» ЖШС-інде жұмысшы боп жасайды. Анасы Ақбілек – мұғалім. Әйгерімнің алдында ағасы бар. Әкесі қызына төрт жасынан бастап атқа мінуді үйретіпті. Жылқыны жаны сүйетін Айгерім жетінші сыныптан бастап атқа шабады. Аламан бәйге, тоқ бәйгелерде мықты шабандоз екенін дәлелдеп келетін қыз – бүгінде 10 сынып оқушысы. Атқа шабудың қыр-сырын Сырым аудандық ат спорты федерациясының президенті, «Жымпиты» ЖШС директоры Мүтәлі Төреғалиевтен жетік меңгеріп алыпты.

– Қазақ төрт түліктің ішінде жылқыны жоғары қояды ғой. Шабандоз болудың сабағыма ешқандай кедергісі жоқ. Қыз балаға атқа мініп шабу қиын деп ойлайтындар қателеседі. Түк те қиын емес. Жылқы әдемілігімен, жүйріктігімен мені қатты қызықтырады. Қыз қууға Айқара, бәйгеге Байторы деген жүйрігіммен шабамын. Бәйгеге қатысу үшін басқа облыстарға да барып көрдім. Құрбыларым маған қызыға қарайды. Олар да атқа шабуды үйренгісі келеді, - дейді Әйгерім. Жас шабандоз мектепті бітірген соң, жылқы шаруашылығымен шұғылданатын фермер болуды армандайды. Бос уақытын сәйгүліктерінің қасында өткізеді. Оларды баптап, баладай мәпелегенді жақсы көреді.

Әйгерімнің бойынан қазақ қызына тән ұяңдық пен шабандозға тән  батылдықты көріп, еріксіз сүйсінесің.

www.zhaikpress.kz

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале