3.06.2016, 13:15
Оқылды: 42

Шабындыққа шалғы түсті

Janakala shop   Өткен жыл қуаншылығымен есте қалса, биылғы жыл ылғалының молдығымен ерекшеленуде. Ылғалдың молдығы шөп шығымына негіз. Қазір Жаңақала ауданының ойы мен қырында бітік өскен шөп жайқалып тұр. Орақ суырар жер жоқ деуге болады.

    Жаңақалалық шаруалар мал азығының мол қорын жасақтауға жылда бола бермейтін бұл мүмкіндікті тиімді пайдаланып қалуға тырысып, шабындыққа шалғы салды.


  Ауданда алғашқы болып науқан көрігін қыздырғандардың бірі пятимарлық «Хамит» шару қожалығы, жетекшісі Қанат Қажиденов.

    500 гектар жері бар екі ағайынды жігіттер 22 мамырдан бастап қоңырбас шабуға кіріскен екен. Аз күнде 300 центнер қоңырбас шауып, тайлап тастапты. Енді көлдікке шалғы түсіруде.

   -Көлдікке биыл су шыққан жоқ.Мынау қысқы қар мен көктемгі жаңбырдан шыққаны. Соның өзінде бітік. Нәрлі шағында шауып алу үшін ерте кірістік. Межеміз 6000 центнер шөп дайындау. Оған биыл мүмкіндік мол,-дейді бізге шабындық басынан кезіккен қожалық басшысы Қанат Қажиденов.

   Сырылдаған шалғылы МТЗ-82 тракторы тоқтаусыз жүр. Желмен толқыған бітік бидайық ішіндегі трактор көк теңізде жүрген кемедей көрінеді.

    Тракторды 2012 жылы лизингпен алған қожалық биыл «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-нан 15 млн. теңгеге алып, мал басын көбейтуде екен.

    Қос қыстағы бар шаруа енді сататын малды бордақылауға кірісетінін айтады.

www.zhaikpress.kz

Өмірзақ АҚБАСОВ

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале