12.05.2016, 19:45
Оқылды: 48

Шыңғырлаулық Ешмұхановтар ат шаптырып, атасына ас берді

Screenshot_2016-05-13-06-18-52-1Бүгін Шыңғырлау ауданында дүбірлі дода - ат жарысы болып өтті. Дәстүрімізбен ұштасқан бұл шараны ауданымыздың тұрғыны, 79 жастағы қария Ешмұханов Ашхат атамыз қолға алыпты. Ертеректен еске түсетін халықтық дәстүрдің ата-бабаға ас беру түрі бұл.


Ашхат қария өзінің әкесі Саргужиев Ешмұханды еске алып, ұрпағына өнеге етіп, мамырдың басында ас берген еді. Сол ізгі шараның жалғасы ат бәйгесі ауа райының қолайсыздығынан кейінге шегерілген болатын. Міне, бүгінгі шуақты күн осы шараның өтуіне мұрындық болып, делебе қоздырған дүбірлі бәйге аудан жүйріктерін бір сынға салды.
Үш айналымнан тұратын 9 шақырымдық қашықтықта бақ сынаған Қамбар ата түлігі көктің қуатын алып-ақ қалыпты. Ә дегеннен ала жөнелген 7 жүйрік қыстай тусыраған сайын даланың жонарқасын тұяғымен сілкіп, құйын дүбірге салды.
Screenshot_2016-05-13-06-19-19-1Тамашалауға жиналғандардың қанын қыздырған бақ пен бап бәсекесінде аудан тұрғыны Есқалиев Батырдың «Мальчик» атты сәйгүлігі алда келіп, бәйгеге тігілген қозылы қойды иемденді. Мәре сызығын екінші боп кескен «Буян» атты жүйріктің иесі Асылгерей Мирасқа лақты ешкі берілді. Аудандағы ат спортына дем беріп жүрген Нұрболат Ақпановтың «Айқара» атты арғымағы ІІІ орынды жеңіп алып, тоқтылы болды.
-Ас беру - ұлтымыздың салт-дәстүрі. Оны құрметтеу, өнеге етіп көрсету, осындай тиісті жерінде насихаттап отыру - қазақ боп туған әр азаматқа парыз. Әке қалауы, дәстүріміздің жөні осы, біз соны орындаушымыз,- дейді Ашхат қарттың балалары Мақсот ағай мен Махамбет.
Сексенді алқымдаған Ашхат қария бүгінде 3 баладан 19 немере, 26 шөбере сүйіп отыр.

www.zhaikpress.kz
Қаршыға ЕЛЕМЕСОВ
Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале