5.01.2016, 16:53
Оқылды: 24

Қадыр ақынның туған күнін атап өтуде (ФОТО)

Kadir 001    Бүгін Орал қаласындағы Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында ақынның туған күніне арналған шаралар өтуде.

Орталық залында «Сұлу сөздің сәйгүлігі» атты Қадыр оқулары ұйымдастырылып, онда Сырым ауданы мен Орал қаласынан келген оқушылар ақын өлеңдерін оқыды. Бұл ретте, әсіресе, сырымдық жеткіншектер Қадыр жырларын мәнеріне келтіре, әсерлі жеткізе білді. Есесіне кейбір қалалық шәкірттер мүдіріп қалып, дайындықсыз келгендіктерін көрсетіп алды.


Бұдан кейін ақын музейінде Қадырдың замандастары өз естеліктерін айтты. Ақын, Қазақстан Жазушылар одағы БҚО бөлімшесінің төрайымы Ақұштап Бақтыгерееваның атап өткеніндей, Қадырдай қазақтың бірегей ақыны арамыздан кеткенімен, оған деген ықылас ешқашан суымақ емес. Қайта ақынға деген ел құрметі еселене түсіп, есімін мәңгі есте қалдыру бағытындағы шаралар жалғасуда. Бүгінгі шаралар - соның бір айғағы.

«Қазыналы Қадыр әлемі» атты мерекелік концерт барысында ақынның шығармашылығын белсенді насихаттаушылар Қадыр Мырза Әлі атындағы медальмен марапатталды. «Қадыр оқулары» байқауының жеңімпаз-жүлдегерлеріне алғысхаттар тапсырылып, ақынның өмір жолына арналған «Өлеңнің туын жықпаған» атты деректі фильмнің тұсауы кесілді. Қадыр Мырза Әлінің 80 жылдығына арналған республикалық жыр мүшәйрасына қатысқан жас ақындардың өлең жинағы да таныстырылып, ақын сөздеріне жазылған әндер орындалды.

Kadir 002

Музейде сондай-ақ  Қадырға берілген қолтаңбалардан жасалған «Ақынға ақ пейілмен...» атты кітаптар және ақын тұтынған заттар көрмесі қойылып, шара «Музей түніне» ұласты.

Kadir 003

  www.zhaikpress.kz

Елжан Ералы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале