18.02.2016, 18:26
Оқылды: 28

Қазақ батырының кіреуке сауытын тоқыды

Akjayik batir sauiti   Ақжайық ауданы, Алмалы ауылдық округінің Атамекен ауылындағы негізгі мектептің өлкетану үйірмесінің шәкірттері өздерінің білім ұясы жанындағы «Жерұйық» мұражайының жетекшісі Жәнібек Әбілпейісовтың бастауымен қазақ батырының кіреуке сауытын тоқып шықты. Кіреуке ерте замандағы соғысқа киетін, оқ өтпейтін сауыт болғаны мәлім. Балалар мен олардың жетекшісі сауытқа 13 килограм сым жұмсады, 11 мың сақина тор жасады. Аталған мұражайдағы бұл шығыршықты кіреукені тамашалаушылар басқа ауылдардан да келуде.


Айта кетейік, мектептегі өлкетану үйірмесінің және «Жерұйықтың» уақыт талабына сай жұмыстары алысқа мәлім болуда. Өлкеде әріде өткен би, батырлар, халық емшілері, ауылдар шежіресі жайында мол дерек-дәйектер, көне жәдігерлер жинақталуда. Атамекендік ұл-қыздар Ж.Әбілпейісовтың бастауымен былтыр аруақты би, баһадүрлер жатқан Кенжеғара қорымындағы 81 құлпытасты картаға түсірді, 61 құлпытасты фотосуретке түсірді. Бұлардың арасынан белгілі журналист-өлкетанушы, «Дана-kaz» журналының бас редакторы, төте жазуды оқитын Қазбек Құттымұратұлы тарихи екі тұлғаның құлпытасын анықтады. Оның біреуі – патша заманында Соналы болысын 30 жыл басқарған, 1888 жылы қазіргі Базаршолан ауылынан тұңғыш мектеп ашқан, болыс Мұхамеджан Сарғожиннің әкесі – Сарғожа бидің құлпытасы. Екіншісі – белгілі жазушы Берқайыр Аманшиннің арғы атасы Сартай бидің құлпытасы.

Ауданда осындай жұмыстар, атамекендіктердің тәжірибесі басқа ауылдарға, мектептерге таратылуда.

www.zhaikpress.kz

Болат ҚОСЖАНҰЛЫ

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале