19.02.2016, 19:29
Оқылды: 30

Қолөнер, кәсібім ғана емес, ермегім

 JAnakala koloner  Жаңақалалық Гүлсайра Бесбаева - ерек өнердің басын ұстап жүрген ұстаз. Олай дейтініміз қалдық заттарды пайдалана отырып, көздің жауын алатын дүниелер туғызған жанның қолөнерге деген ынтасы ерекше. Қолмен кестеленген қолөнер бұйымдарын көргенде керемет әсермен қатар осындай қолдан шыққан дүниені жақын адамдарға сый ретінде ұсынуға болатыны да сөзсіз деген ойда қалдық.


Жаңақала мектеп-гимназиясында ұстаздық қызмет атқаратын Гүлсайра Бесбаева бала кезден серік еткен өнерін бүгінде үлкен кәсіпке айналдырды. Қазақы кәдесыйлардың көптеген түрлері, кесте тігу, гобелен, бойтұмар, тағы басқаларды меңгерген оның еңбегі жоғары бағаланып келеді. Ал қалдық заттардан жасаған қолөнерге енді қадам басқан оның нәтижелері көңіл қуантарлық. Қолға алғанына көп бомаса да сұранысқа сай дүниелер күн сайын қосылуда. Мектеп мұғалімі туындыларының басым бөлігі тарихи құбылыстарды суреттеуден туындаған. Оның қолынан туған гобелен, бойтұмарлар, өзге де тарихи, ұлттық нақыштағы композициялар бүгінде аудан орталығындағы мектеп-гимназия, рухани орталық ғимаратының сәнін келтіріп тұр. Ал соңғы жасаған қолөнер туындысы тіпті ерекше. Кәдімгі қазақтың көшпелі тарихы бейнеленген туындысына «Керуен» деп ат қойып, айдар тағыпты. Бұл қолөнерге көп уақыт, тіпті шығын да шықпапты.

-Бұл тарихи композицияны оқушыларыммен 1 аптаның ішінде аяқтадық. Оның құрамы қатты қағаз, күнделікті қолданылатын майлық, теріден тұрады. Бұл туынды да негізінен қазақ халқының ежелгі тұрмысы, көшпелі тарихы бедерленген. Көп адамдар бұл ненің сұлбасы деп түсінбей жатады. Жалпы мен бұл шығарманы жасау барысында интернетке, болмаса кітапқа сүйенбедім. Түнімен ойланып, толғанып, алдымен сызбасын ақ параққа түсіріп алдым. Кейіннен осындай әдемі дүние туды. Меніңше мұндай ұлттық дүниелер кез-келген шаңырақтың төрінде тұрса құба-құп болар еді. Оның үстіне қазіргі кезде мейрамханалар мен тұрғын үйлердің осындай ұлттық нақышта безендіріп жатырғаны көңіл қуантады,-дейді қолөнер иесі.

Жалпы Гүлсайраның туындылары түсінген адамға өте қызықты, әрі арнайы құралдар мен артық шығынды, уақытты талап етпейді. Ал көлемді суреттер сондай тартымды.

- Алдағы уақытта қол еңбегінің бұл түрі қолданыста кең таралып, сәтті шыққан дүниелер көбейеді деп сенемін. Керемет туындылардың ерекшелігі сонда, оған бар жанымды саламын,-дейді шебер.

Жалпы қолөнер қазақ қыздарына аналарының бала кезінен үйрететін ыждақаттылық пен төзімді талап ететін ерекше өнер. Адам бойында, әсіресе бойжеткендерде табанды, сабырлы, ұқыпты, зерделі мінез-құлық қалыптастыруда қолөнердің тигізетін пайдасы өте көп. Гүлсайра Кенжебайқызының айтуынша оқушылардың бұл қолөнер түріне деген қызығушылығы жоғары. Әр қырық бес минутта керекті құрал-жабдықтарын арқалап, мұғалім ізінен қалмай жүрген оқушылардың үйренуге деген құлшынысын байқау қиын емес. Бірі қарапайым құтыдан әдемі кәдесый жасаса, енді бірі майлықтан әсем құмыра жасап әлек. Гүлсайра да шәкірттерімен бірге әлі күнге көп нәрсе үйреніп келе жатқанын жасырмай, тәжірибе алмасып отыратынын айтты. Ең бастысы майталман ұстаз атану үшін аянбай еңбек етіп, ізденіс үстінде болу қажет деген ұстанымда.
Қолөнер шебері өзінің ең үлкен мақсаты ретінде өзінің жеке безендіру мәнерін қалыптастырып, қолөнерге жеке қолтаңбасын қалдыру екенін айтады.

www.zhaikpress.kz

Н.ЕСЕТОВА

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале