22.02.2016, 17:59
Оқылды: 29

Қос жүлдені иеленген қос сақшы

Baibatirov sambo                20 ақпан күні Минск қаласында (Белоруссия) самбо бойынша Әлем Кубогының кезеңі өз мәресіне жетті. Белоруссия Республикасы Президентінің «А» санаттағы жүлдесі үшін оздырылған халықаралық турнирге әлемнің түрлі елдерінен ең мықты деген үздік спортшылар қатысты.


Әлем кубогының кезеңі болып есептелетін сынға 57 келі салмақта ІІД қызметкері, полиция аға лейтенанты, самбодан төрт мәрте әлем чемпионы Ерболат Байбатыров жеңіс тұғырына көтеріліп, алтын жүлдеге ие болды.  Айта кетелік, дәл осы жарыста тәртіп сақшысы  «Жеңіске деген жігері үшін» аталымымен қоса марапатталды. Сондай-ақ, БҚО ІІД қызметкері полиция аға лейтенанты әскери самбодан өткен жылғы әлем чемпионатының жүлдегері Темірлан Ихсанғалиев 82 келі салмақта топ жарды. Аталған кубок абыройлы сайыстардың бірі, мұнда тек үздік самбошылар қатысады.

         Ерболат Байбатыров – Қазақстанның және әлем кубогы кезеңдерінің көп дүркін чемпионы, екі дүркін Азия чемпионы (2007, 2009), үш дүркін әлем кубогының жүлдегері (2010, 2011, 2012), төрт дүркін әлем чемпионы (Ресей – 2008, Греция – 2009, Өзбекстан – 2010, Литва - 2011), самбо бойынша әлем суперкубогының (Ресей - 2012) чемпионы, белгілі спорт шебері.

         Темірлан Ихсанғалиев – қоян-қолтық ұрыс бойынша көп дүркін Еуропа чемпионы (Болгария - 2012), жауынгерлік самбо бойынша әлем чемпионатының қола жүлдегері (Греция - 2009), қоян-қолтық ұрыс бойынша әлем кубогының қола жүлдегері (Перу – 2014, Ресей - 2015), жауынгерлік самбо бойынша әлем чемпионатының күміс жүлдегері (Марокко-2015), жауынгерлік және қоян-қолтық ұрыс бойынша халықаралық дәрежедегі спорт шебері.

Батыс Қазақстан облысы ІІД басшылығы мен жеке құрамы әріптестерін осынау жеңістерімен құттықтап, Қазақ елінің намысын қорғау жолындағы еңбегіне толағай табыстар мен жаңа жетістіктер тілейді.

www.zhaikpress.kz

БҚО ІІД баспасөз қызметі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале