29.09.2015, 19:56
Оқылды: 30

ҚР Президенті Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерін Азияға көшіру мәселесін ойластыруды ұсынды

Nazarbaevv       Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерін Азияға көшіру мәселесін ойластыру қажет. Бүгін БҰҰ Бас Ассамблеясы 70-ші мерейтойлық сессиясының жалпы пікірталасында сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осындай ұсыныс жасады.

«70 жыл бұрын Женевада, жұмыс істеуден қалған Ұлттар Лигасының орнына Біріккен Ұлттар Ұйымы құрылған кезде оның штаб-пәтерін Нью-Йоркте орналастыруға шешім қабылданды. Бұл сол кезеңде халықаралық қатынастар бойынша Батыс Жарты шарының рөлі артқандығына байланысты болған еді. Әлемді дамыту орталығы Кәрі құрлықтан Жаңа құрлыққа, Еуропадан жаһандық өрлеудің жаңа орны - АҚШ-қа, Нью-Йоркке ауысты. Содан бері көп нәрсе өзгерді, әлем өзгеше қалыптасты», - деді Қазақстан Көшбасшысы.

Сонымен қатар Елбасы ХХІ ғасырда даму орталығы әлемнің ең үлкен құрлығы- ғаламшар тұрғындарының үштен екісі мекендейтін, ірі ресурстар шоғырланған Азияға қарай ойысатындығын баса айтты.

«Азияның дамып келе жатқан экономикаларының қуатты серпіні жаһандық үдерістердің жаңа сипатын танытып отыр. Осы үдерісті ескере отырып, мемлекеттердің өзара қарым-қатынасына жаңа серпін беру үшін бұл тарихи мүмкіндікті пайдаланудың маңызы зор. Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерін Азияға көшіру мәселесін ойластыруды ұсынамын. Қазақстанның бастамаларын ұлттар қауымдастығы қабылдайды деп үміттенемін», - деді Н.Назарбаев.

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале