21.06.2016, 16:55
Оқылды: 27

Үй келбеті- иесіне сын

Үй келбеті- иесіне сын    Шыңғырлау ауданында жалға берілетін коммуналдық меншіктегі тұрғын үйлермен қамту жұмысы тұрақты жүргізіліп келеді. Бүгінгі таңда 90 отбасымен нақты келісім-шарт жасалып, баспанамен қамтылған.  Бұлардың 8-і ауылдық округтерде.

      Аудан әкімі Альберт Есалиев аудан орталығында 2012-2013 жылдары қолданысқа берілген осындай 38 үйді аралап, тұрғындармен кездесті. Іс-шара барысында  коммуналдық меншіктегі үйлердің күтімі, жалпы жағдайы, жал ақысының уақтылы төлемі, тиісті бөлімдер тарапынан қажетті көмектер тұрғысында әңгімелесе жүріп, аудан басшысы жаз кезеңіндегі аула күтімі, бау-бақша егу, беріліп отырған шаруашылық суын пайдалану, үй ауласы мен аумағын таза ұстау туралы тұрғындарға түсіндіре айтты.


         Осы үйлер қатарында бау-бақшалы, күтімді, таза аулалар да, аула күтім кемшін қалған үйлер де бар болып шықты. Күтімсіз аулаларға аудан басшысы тарапынан ескертулер жасалды. Ал, таза және бау-бақшалы аулалар қатарында С.Самаевтың, А.Қасымованың, Е.Тұрмағамбетовтың, Г.Шашкееваның, А. Неплюеваның үйлері көзге түсті. А.Неплюева ауласынан құлпынай плантациясын ұйымдастырыпты. Ұсынақты қолдың еңбегі- берекелі істің басы болғалы тұр. Көзді тарта жайнаған құлпынайлар түгел ауланы алып жатыр. Ал, А. Қасымованың ауласында демалыс орны жасақталып, жас теректер бой көтеріп келеді. С.Тұрғалиевтың ауласында егілген бау-бақша қатарын, бірнеше түрлі жеміс ағаштарын,  жәутілдеп өскен гүл шоқтары көзге тартымды, көңілге сүйініш.

    Тұрғындар тарапынан қыс айларында ауызғы кіре берістердің сызды-ылғалды болатындығы, газ қазандықтарының ақауы, электр өткізу жүйлеріндегі кейбір кемшіліктер туралы өтініштер айтылды. Аудан басшысы аталған кемшіліктерді ескеруді тиісті бөлімдерге тапсыра отырып, ірі жөндеу жұмыстарын коммуналды шаруалық бөлімі жүргізіп, ал жеңіл-желпі жөндеулер тұрғындардың   өз тарапынан жүргізілетінін ескертті және ауланы ажарлы етіп, үйлерді күтіп ұстауды қатаң міндеттеді.

      Аудан бойынша алдағы уақытта осындай коммуналдық меншіктегі үйлер қатары көбейе түспек. Бұл мақсатта бүгінгі таңда 108 жер учаскесі даярланып, аталған аумаққа инфраструктуралық жұмыстар жүргізілмек. Қаражат көзіне қарай, алдағы 2017 жылға 30 тұрғын үй құрылысының жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп даяр тұр.

www.zhaikpress.kz
Қаршыға ЕЛЕМЕСОВ

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале