2.11.2015, 14:11
Оқылды: 17

Ұлы дала елінің тарихы тұңғиық...

Akjayik tarihin bilgen   Ақжайық ауданы орталығы Чапаевта облыс орталығынан тарихшы-ғалымдардың, өлкетанушылардың шақырылуымен ұйымдастырылған «Өз өлкеңді өзгеден бұрын таны» атты ғылыми-танымдық конференцияда бұл туралы кеңінен баяндалды.

Бөлім, мекеме, ауылдық округтер, қоғамдық ұйымдар жетекшілері, тұрғындар, еңбек ұжымдары, жастар, мектеп оқушылары өкілдері қатысқан айтулы шараны аудан әкімі Әділ Жоламанов ашып, сөз сөйледі.

Аудан басшысы аудан аумағындағы киелі ескерткіштерді зерттеу, ежелгі әйгілі тұлғалардың елге сіңірген еңбегін әйгілеу жөнінде облысымыздағы тарихшылардың, өлкетанушылардың, журналистердің жұмысына зор ризашылығын арнады. Әділ Тауфихұлы Базаршолан ауылының батыс бетіндегі Мәулімберді қорымның көп жердегі осындай қауымға ұқсамайтын ерекшеліктері, кезінде әулие, үлкен ғалым болған Шейх Мәулімбердіге қатысты тың деректердің табылуынан мысал келтіре отырып, соның бәрі өткенімізге үңілуге серпіліс беретінін айтты.

Керей мен Жәнібек бастаған Қазақ хандығы әрине, бір күндей пайда бола қалған жоқ. Оның бастауы-дәуірлер қойнауларында. Яғни, мемлекеттілігіміздің тарихы ондаған жүз жыл бұрынғы көшпелі сақ қоғамынан шеру тартады. Конференция мінберіне алғашқы болып көтерілген БҚО тарих және археология орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сыдықов өз сөзін осыдан  бастап, Қазақ хандығы қалыптасу үдерісінің аумақтық және аймақтық  аспектілері жайында  әңгімеледі.

М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дің аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығали атақты Мұхаммед Хайдар Дулати қалдырған бай деректер негізінде Қазақ хандығының 1465 жылғы Қозыбасы тауының етегіндегі тарихи оқиғадан басталған көшінің мемлекетшілік сана қалыптасуындағы рөлі жайында сөз саптады. Бұл сана бізді ұлт ретінде сақтап, қорғап, сөйтіп, Кеңес Одағы кезіндегі «бұларда мемлекет болмаған» деген сыңаржақ, көреалмастық теріс ниетпен айтылған өтірікке қарсы соққы жасадық. Қазақ мемлекеттігі үшін күрес 15 ғасырдан кейін де жүріп жатты. Алаш қозғалысының өзі де неге тұрады.

Аталған оқу орнының Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Жәнібек Исмурзиннің мұрағаттар, оның ішінде Ресей мұрағаттары деректері негізінде Үкі би (зираты ауданымыздың Базартөбе ауылының  аумағында) және оның заманы туралы баяндамасы да өте қызықты болды.

Біздің облысымызда эпиграфикалық ескерткіштерді зерттеу мәселесінде елеулі қозғалыс бар. Мұнда тарихшылардың, төрағасы Жантас Сафуллин болып табылатын «Мирас» қоғамдық кеңесінің, «Жайық Пресс» медиахолдингінің, «Дана каz» тарихи-танымдық журналының бастамалары, ықпалы зор. Көне қорымдарды тіркеуге алып, құлпытастар сырына дендеу жөніндегі көлемді жұмыстары үшін конференцияда олардың атына әлденеше рет жылы лебіз арналды. Ал белгілі журналист, аталған журналдың бас редакторы Қазбек Құттымұратұлы арнайы экспедициялардың Ақжайық пен басқа да аудандар, көршілес аймақтарға сапарларының қорытындыларын айта келіп, ежелгі қорымдар мен құлпытастарды қорғап, сақтаудың өте бір көкейкесті мәселе екеніне тоқталды.

www.zhaikpress.kz

Болат ЕСҚАЛИЕВ

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале