7.11.2016, 20:07
Оқылды: 82

Әйелдер істері және отбасылық –демографиялық саясат жөніндегі комиссия отырысы

ZH-350x350Облыс әкімдігінің кіші мәжіліс залында облыс әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық –демографиялық саясат жөніндегі комиссия отырысы өтті.
Бұған облыс әкімінің орынбасары Марат Тоғжанов, аталмыш комиссия мүшелері және БАҚ өкілдері қатысты. Жиынды комиссия төрағасы Марат Тоғжанов жүргізіп, ең алдымен жиналғандарды отырыстың күн тәртібімен таныстырды. Күн тәртібіне сәйкес жиында ана мен бала денсаулығын қорғау мәселесі, жастардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу ісі бойынша ресурстық орталықтар жұмысы және Жәнібек ауданы әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық –демографиялық саясат жөніндегі комиссияның жұмысы жөніндегі баяндамалар тыңдалды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұржамал Жұмағұлованың сөзінше, облыста балаларды емдеу және әйелдерді босандыруға жәрдемдесу ұйымдарының жабдықталуы талап етілген нормативтерге сйәйкестендірілген. Аудандардағы осындай ұйымдардың заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталуы 82,87 пайыз, көп бейінді балалар ауруханасында 85,88 пайызды құрайды. Жалпы облыс бойынша мұндай ұйымдар қажетті құрал-жабдықтармен 90 пайызға жабдықталған.
- Ана өлім-жітімінің көрсеткішін талдауда 2015 жылдан бастап оның тұрақты төмендеуі байқалуда. Облыс рейтингіне едәуір әсер ететін индикаторлардың бірі нәресте өлім-жітімінің көрсеткіші болып табылады. Бұл 1000 тірі туылғанға 7,5 пайызды құрады, 2015 жылы бұл көрсеткіш 8,6 пайыз болған, республикалық көрсеткіш 8,8 пайыз. Мұндай жақсы көрсеткіштер ана мен бала денсаулығын қорғау бойынша жасақталған жоспарлы жұмыстардың тиянақты орындалуы нәтижесінде болып отыр. Биыл 9897 әйелге перенаталдық биохимиялық скрининг жүргізілді. Және 10082 жаңа туған нәресте неонаталдық скринингтен өткізіліп, нәтижесінде 5 баланың ауру екені анықталды. Бұл бала арнайы есепке алынды. Сондай-ақ, биылғы 9 айда 65 әйел және 729 бала Астана және Алматы қалаларындағы ғылыми орталықтарға жолданды. Кардиологиялық көмек көрсету жөніндегі «Жол картасы» шеңберінде ағымдағы жылдың 9 айында 33 балаға ота жасалды,- деген Нұржамал Жұмағұлова әйелдер мен балаларға медициналық көмек сапасын одан әрі жақсарту мақсатында өңірімізде ұйымдастырылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады.
Бұдан соң облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың директоры Кенесары Нұршинов сөйлеп, орталыққа жастардың көбінесе жұмыссыздық мәселесімен келетінін айтты. Оның сөзінше, осы мәселені шешу мақсатында орталық бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізіп, түрлі мекемелермен, кәсіпкерлермен серіктестік туралы келісімшарт жасасуда. 2014 жылдан күні бүгінге дейін барлығы 248 меморандумға қол қойылған. Осындай жұмыстардың нәтижесінде биыл жұмыссыздық мәселесімен жолыққан 2030 адамның 366-сы тұрақты жұмыспен қамтылған. Ол, сондай-ақ, ресурс орталығы мамандарының жоғары оқу орындары мен мектептерге және қаладағы жалдамалы жұмысшылар жиналатын жерлерге тоқсан сайын барып, жастармен кездесу өткізетінін айтты. Бұдан басқа жалғызілікті жас аналар мен мүмкіншілігі шектеулі жандарға да орталық тарапынан қажетті кеңестер беріліп, нақты көмектер көрсетілуде. Мысалы, орталық мүмкіндігі шектеулі Өмірболат Сейітқалиевке жеке кәсібін ашуға көмектесті. Және орталықтың көмегінің арқасында Сырым, Жаңақала, Қазталов аудандарында, Орал қаласында, барлығы бес рет мүмкіндігі шектеулі жастардың үйлену тойлары тегін өткізілді, - деген Кенесары Нұршинов «Зенит» зауыты, «Батыс Су арнасы» ЖШС және «Гидроприбор» ЖШСМ секілді ірі мекемелерде жастар ісі жөніндегі комитеттер құрылып, олардың белсенді жұмыс істеп жатқанын жеткізді. Осы жиында күн тәртібіне сәйкес Жәнібек ауданы әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық –демографиялық саясат жөніндегі комиссияның да жұмысы тыңдалды.
Жиын барысында баяндамашыларға комиссия төрағасы мен мүшелері тарапынан көптеген сұрақтар қойылып, оған тиісті жауаптар қайтарылды. Ұйымдастырушылар аудандардағы комиссия жұмысына бақылау жасалуы керектігін айтып, келесі отырысқа өз ұсыныстарымен келуді тапсырды. Бұл аталмыш комиссия жұмысын ширату үшін қажет.

Айша ӨТЕБӘЛІ
«Орал өңірі»
www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале