27.11.2015, 12:11
Оқылды: 34

«Ән қанатындағы» әуендер

An mahabbat   «Ән қанатында» вокальды аспаптар ансамблінің құрылғанына 40 жыл толуына орай «Ән - махаббат» атты концерт өтті. Атаулы мерейтойлық кешін ансамбль мүшелері Кенни Дормның «Блю Босса» әуенімен ашты. Алпысыншы жылдары көрермен көзайымына айналған өнер ұжымында отыз бес жыл қызмет атқарған, гитарашы, әуен әрлеуші Валерий Полубабкиннің ансамбльдің бүгінгі буыны да бабында болуына зор еңбегі сіңгенін атап өткен орынды.


Сағынышты саумал сазды балбыратқан кеште бас гитарада ойнаған Ақылбек Нұрғалиев Жеңіс Сейдоллаұлының «Алматы – алтын бесік» әнін нақышына келтіре орындады. Кейін ансамбль мүшелері «Мы бродячие артисты» әнін әуелетті. Топ құрамында ұрмалы аспаптарға иелік еткен Бекжан Абжанов, электропианиномен демеген Сергей Малиманов, Аслан Сапарғалиев те өз шеберлігімен тәнті етті. Бұл концертте ансамбль сүйемелдеуімен Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әртістері де өнер көрсетті. Жаңылсын Хасанова, Марат Сарбөпеев, Асыланбек Қуаналиев, Ақмарал Ахметова, Айбар Қайырханов, Айым Шекеева, Дархан Құлбабаев, Дария Бақытова сынды күміс көмей, жез таңдай өнерпаздар танымал қазақ композиторларының, ал, әнші-сазгер Жаскелең Ғайсағалиев авторлық әндерін шырқады. Галина Калашникова баянмен А.Пяццолланың «Либертангосын» сызылтса, Ақылбек Бектасов пен Фараби Мергенғалиев домбырамен Дәулеткерейдің «Көрұғлы» күйін төкті. Ал, ансамбль орындауындағы А.Барыкиннің «Спасательный круг», Эрик Джонсонның «Манхэттен» туындылары көптің құлақ құрышын қандырды.

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале