2.12.2016, 18:01
Оқылды: 51

Әуе лайнерімен ән сағатта жетесіз Атырауға

 

«QAZAQ AIR» әуе компаниясының ұшағы Атырау қаласынан Оралға алғашқы рейсін жасады. Акциясы "Самұрық-Қазына" АҚ-ға тиесілі  "QAZAQ AIR" АҚ  облыс орталғын еліміздің батысындағы қалалармен өзара байланыстырмақ. Бұл туралы Орал қаласының халықаралық әуежайында өткен баспасөз мәжілісінде мәлім болды. 

-Қысқы навигацияға ауысумен бірге қазақстандық «QAZAQ AIR» әуе компаниясы жаңа рейстерді орындауды бастады. Енді барлық әуе компанияның кемелері Оралға жолаушылар тасымалдайды. Бүгіннен бастап «QAZAQ AIR»  ұшақтары Атырау,  «Скат», «Бек эйр» әуе кемелері Ақтау  бағытына қатынайды. Сондай-ақ «Эйр Астана», «Бек эйр» Алматы, Астана бағытында қызмет көрсетеді. Алдағы наурыз айынан бастап «Сибирь авиа» компаниясы Мәскеу қаласына рейс ашады. Облыс әкімі Алтай Көлгіновтың қолдауымен «Эйр Астана» компаниясы Еуропаға рейстер ашады деп күтілуде, -деді Орал халықаралық әуежайының бас директоры Хайредин Расқалиев.

«QAZAQ AIR» АҚ-ның басқарма төрағасы Блэк Поллоктың айтуынша, Орал - аталмыш әуе компаниясының маршруттық желісіндегі 12-қала. Бұл компания еліміздің ішіндегі жолаушылар тасымалын өткен жылдың ортасында қолға алды.  Қазіргі уақытта компания ұшақтары 180 мыңнан астам жолаушы тасымалдаған және жыл аяғына дейін 200 мың адамға қызмет көрсетілмек.

- Жолаушылар тасымалы зауыт-өндірісшіден алынған үш заманауи «Bombardier» ұшағымен орындалады. Қазақстандағы ең жас әуе флотын пайдаланудамыз. Біз консалтингтік қызмет көрсеткен  халықаралық әуе компанияларының көмегімен жұмысымызды бастадық. Жергілікті 12 ұшқышты  «Bombardier» ұшағын басқаруға Еуропада оқытудамыз. Олар жыл соңына таман өз міндеттеріне кіріседі. Атыраудан Оралға және кері бағытта жолаушылар аптасына екі рет - жұма және жексенбі күндері «Bombardier Q400» бортында сапар шегуге мүмкіндік алады. Алдағы жылы жаңа ұшақтар алып, қалааралық ұшу рейстерінің санын арттыратын боламыз, -деді «QAZAQ AIR» АҚ-ның басқарма төрағасы Блэк Поллок.

Аталмыш компанияның коммерциялық директоры Әділ Дәулетбектің айтуынша, Орал - Атырау бағыты бойынша қатынайтын рейс билеттерінің құны, жолаушы мен әуежай терімдерін қоса есептегенде,14 700 теӊгеден басталып, жол жүру уақыты небары 50 минутты құрайды. "Bombardier Q400 NextGen» - сыйымдылығы 76-78 орындық жолаушылар салонында шуды және вибрацияны бәсеңдетудің активті жүйесі, кең отыруға мүмкіндік беретін эргономикалық орындықтармен үлкен иллюминаторлар, жүк салатын кең сөрелермен жарқын светодиодты жарық жүйесімен жабдықталған жаӊа ғасырдың әуелайнері. Мұндай әуе кемесі кез-келген ауа райында ұша береді. Тіпті минус -54 градус аязға да төзімді. Сонымен бірге «QAZAQ AIR» әуе кемелері Атыраудан Оралға, одан әрі Ақтауға тікелей қатынайды. Осылайша, жаңа маршрут желісі Қазақстанның батысындағы ірі қалаларды өзара байланыстырып, Ақтау мен Орал тұрғындарын Атырау қаласымен қатар, түйіспелі рейстер арқылы Ақтөбе мен Шымкентке де жеткізе алады. Әділ Дәулетбектің пікірінше, 1-санатты Орал халықаралық әуежайына жүргізілген аудит жұмыстарының нәтижесі әуе компаниясының талабына сай деп табылған. Ал әуежай басшысы Х.Расқалиевтің айтуынша, алдағы жылы «ҚПО б.в.» компаниясынан бөлінетін қаржысы есебінен  әуежай ғимаратына реконструкциялау жұмыстары жүргізіледі.

Гүлбаршын Әжігереева

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале