16.05.2016, 11:52
Оқылды: 21

Өз алаңында «Жетісу» командасынан жеңіліс тапқан «Ақжайықтың» жағдайы қиындады

Futbol  Жексенбі күні премьер-лига командалары арасында ел чемпионатының он бірінші турында Оралдың «Ақжайығы» П.Атоян атындағы стадионда Талдықорғанның «Жетісу» командасын қабылдады.


    Матчтың 3-минутында «Жетісу» құрамындағы македониялық шабуылшы Марко Симоновски бағыттаған доп оралдық қорғаушы Еркін Тапаловтың аяғына тиіп, «Ақжайықтың» қақпасына кіріп кетті. Бұдан кейін қонақтар осы есепті сақтауға тырысса, алаң иелері таразы басын теңестіруге ұмтылды. Бірде «Жетісудің» қақпашысы Андрей Пасеченко сәтті ойнаса, енді бірде «Ақжайық» ойыншылары мүлт кетіп жатты. Тіпті қақпаға кіріп бара жатқан допты Олег Хромцовтың баспен кері соққаны қызық болды. Дегенмен 80-минутта стандартты жағдайда сербиялық Предграг Говедарицаның пасынан кейін О.Хромцов биылғы маусымдағы алғашқы голын баспен енгізді. Алайда тоқсан минут бітіп, қосымша уақыт басталған сәтте дәл сол П.Говедарица өз айып алаңында «Жетісудің» ойыншысын шалып жықты. 11 метрлік айып добын сербиялық Душан Савич дәл орындап, командасына 2:1 есебімен жеңіс әперді.

    Сөйтіп «Жетісу» турнир кестесінде оныншы сатыға көтерілсе, бірінші айналымнан кейін небәрі 7 ұпай жинап, сегіз кездесуінде жеңіліс тапқан «Ақжайық» 11-інші орынға түсіп қалды. Оралдықтар келесі кездесуін 21 мамыр күні Павлодарда жергілікті «Ертіспен» өткізеді. Талғат Байсуфиновтың шәкірттері өз алаңында павлодарлықтардан 0:3 есебімен ойсырай жеңілген болатын. Содан кейін 29 мамырда Алматыда «Қайратпен», 4 маусымда Көкшетауда тағы бір көш бастаушы команданың бірі «Оқжетпеспен» күш сынасатын «Ақжайық» бұл ойындардан ұпай алады деп айту қиын.

 www.zhaikpress.kz

Елжан Ералы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале