3.06.2015, 17:07
Оқылды: 18

Қазақстандық үлесті арттыруға қатысты мәселе талқыланды.

Steks memorandumga kol koyildi  Облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексовтың төрағалығымен өткен жиында қазақстандық үлесті арттыруға қатысты мәселе талқыланды. Оған «NADLoC» жергілікті қамтуды дамыту ұлттық агенттігі» АҚ-ның өкілдері, облыстағы жер қойнауын пайдаланушылар, мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар мен отандық тауар өндірушілер қатысты.

Мәжілісті кіріспе сөзбен Игорь Стексов ашты. «Өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында Елбасы өңірлердің дамуы республиканың қуатын еселеп арттырудың басты факторы екендігін ұдайы айтып келеді. Бүгінгі басқосу барысында біз өндіріс пен өнеркәсіптің барлық салаларындағы қазақстандық үлесті арттыру жайын талқылайтын боламыз. Биылғы жылдың ақпан айында облыс кәсіпорындарын тапсырыспен қамтамасыз ету мақсатында арнайы форум өтіп, оның жұмысына ҚР Инвестиция және даму министрі Әсет Исекешев пен ҚР Энергетика министрі Владимир Школьник қатысты. Онда жалпы құны 42 млрд. теңге болатын 20 меморандумға қол қойылды. Күні бүгін осы меморандумдар шеңберінде 23 млрд. теңгенің 118 келісімшарты жасақталды. Бұл жұмыс жалғаса беретін болады» - деді облыс әкімінің орынбасары.

Келесі кезекте сөз алған «NADLoC» жергілікті қамтуды дамыту ұлттық агенттігі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Гүлмира Уахитова бұл бағыттағы жасалып жатқан жұмыстармен таныстырды. «Жергілікті қамтуды дамыту жөніндегі семинарлар еліміздің барлық өңірлерінде өткізілуде. Алғашқы нәтижелері жаман емес. Меморандумдар әрі қарай нақты келісімшартқа айналып отыр. Әсіресе, Батыс Қазақстанда бұл жұмыс жақсы жолға қойылған. Жалпы қазақстандық үлесті арттыру туралы бағдарлама қолға алынған 2010 жылдан бері отандық үлес 48 пайыздан 63 пайызға дейін өсті. Үкімет әлемдік дағдарысқа байланысты елдегі өндіріс орындарын қолдаудың кешенді шараларын жасақтады» - деді Г.Уахитова.

ҚПО.б.в. компаниясының сервистік қамту жөніндегі директоры Кристофер Секит Қазақстан экономикасына шетелдік инвестор салған қаржының 15 млрд. АҚШ долларынан асқандығын тілге тиек етті. «Біз Батыс Қазақстан облысының әкімдігімен, жергілікті мекеме-кәсіпорындармен тығыз байланыс орнаттық. Жұмыс орындарын сақтап және жыл сайын жаңадан ашып, жұмысшыларға жақсы жалақы төлеуге қол жеткіздік. Мысалы, соңғы үш жылда ҚПО-да қосымша 376 жұмыс орыны ашылды. Күні бүгін компанияда 3948 қазақстандық қызметкер жұмыс істейді. Сондай-ақ, кенішті игеру басталғалы бері үш мыңнан аса отандық кәсіпорынмен келісімшарт арқылы жұмыс істегенімізді айтқым келеді. Олар бізден 4 млрд. АҚШ долларынан асып жығылатын тапсырыс алды. Қарашығанақ жобасына қатысушы компаниялардың саны жыл сайын өсуде. ҚПО-дағы жергілікті үлестің мөлшері қаржыға шаққанда 2012 жылы 336 млн. АҚШ доллары болса, 2013 жылы ол 461 млн. АҚШ доллары, ал 2014 жылы 472 млн. АҚШ долларын құрады. Әлемдегі мұнайгаз саласындағы қиындықтарға қарамастан ҚПО б.в. қазақстандық өндіріс орындарымен байланысын одан әрі жақсарта беруге мүдделі» - деді К.Секит.

Жиын барысында жергілікті қамтуды дамыту бойынша жер қойнауын пайдаланушылар, мемлекеттік ұйымдар және отандық тауар өндірушілер арасында жалпы құны 2,9 млрд.теңге құрайтын 19 меморандумға қол қойылды.

Сондай-ақ, «Қазақстанда шығарылды» акциясын жүзеге асыру шеңберінде отандық өнімдерге логотип орналастыру туралы отандық тауар өндірушілермен 4 меморандумға қол қойылды.

www.zhaikpress.kz

Тоқтар КЕНЖЕҒАЛИЕВ

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале