26.09.2016, 16:47
Оқылды: 26

Еңбек тойы кеңінен тойланды

SONY DSC

   Ақжайық  ауданы орталығы іргесіндегі «Чистенький» тоғайлы алабы таңнан ең алдымен тұтас бір ауыл келіп қона қалғандай, ақшаңқан киіз үйлерімен көз тартты. Осы жерде Еңбек күні құрметіне мереке ұйымдастырылды. Қалың жұрт аудандық ұйым, мекемелердің, барлық ауылдық округтердің тыныс-тірлігі, айтулы мерекелік жылғы жетістіктері туралы көрмелермен қызыға танысты. Олардың арасында қазір Орал қаласында тұратын ауданымыздың еңбек ардагерлері де болды.

Мереке аудан әкімі Әділ Жоламановтың құттықтауымен басталды. Еңбектің құдіретін таныту, өз ісі шеберлерін жас ұрпаққа өнеге ету, міне, Еңбек күнінің мұраты осы. Аудан басшысы мұны  ерекше атап өтіп, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына ақжайықтықтардың тарту-таралғысын баяндады. Өз тарихында алып ауданымыздан 18 Еңбек Ері шықты.

Шаруаларымыз, кәсіпкерлер әрдайым ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, игі бастамаларға қолдау білдіріп, ауылдастарына қамқорлық көрсетіп келеді. Мұны айрықша атап өткен аудан әкімі олардың атына зор ризашылық айтты.

????????????????????????????????????

Ә.Т.Жоламанов осыдан кейін маңдайалды еңбеккерлерге естелік сыйлықтар тапсырды. Олардың арасында мысалы, будариндік «Ас-сан», «Бекарыс», жамбылдық «Ахмет», «Михаил», жаңабұлақтық «Дабыс», «Талпыныс», көнеккеткендік «Аңсар», «Бірлестік», қарауылтөбелік «Манарбек», «Ақтілек», қабыршақтылық «Шынар», құрайсайлық «Жас тілек», сарытоғайлық «Дәулет», ақжолдық «Мұқан», «Мұқаш», тайпақтық «Бекарыс Батыр», «Самал», чапаевтық «Ищанов», «Нұрсұлтан» шаруа қожалықтарының жетекшілері, агротехколледждің бір топ қызметкері, сондай-ақ айталық, Нұрболат Құмаров (Ақжол), Тілепқали Имашев (Алғабас), Сәрсенғали Боранбаев (Ақсуат), Биболат Өтешов (Алмалы) секілді үздік механизаторлар, Еркін Саунешов (Сарытоғай), Мираж Жаубатыров (Жамбыл), Бақытжан Болатбаев (Ақсуат) сынды озат малшылар бар. Алақандары еңбекте піскен осынау жандар үшін көпшілік қошеметпен қол соқты.

Салтанат мінберінен еңбек ардагері Әленғали Кереев әлеуметке игі тілегін арнады.

Мал, бақша өнімдерінің әдеттегіден төмен бағамен сатылған жәрменкесі үшін де жұрт ризашылықтарын айтты.

Иелеріне жеңіс сыйлап жүрген бәйге аттарынсыз мұндай мерекенің сәні келген бе. 15 шақырымдық тоқ бәйгеде тұяғымен жер тарпыған тұлпарлардың арасынан базаршоландық Құбайдолла Биғазиевтың сәйгүлігі бірінші келді. «Нарқасқаның» бабы мен бағын қатар шаптырған жас шабандоз Жандос Қартаңбай 6 айналымда да оқ бойы озық келіп, көпшілікті сүйсіндірді. Базаршоландық Берік Қошанның «Көктөбе» атты жүйрігі екінші келді. Мәре сызығын үшінші болып сарытоғайлық Армат Ғаббасовтың «Сәукелесі» кесті.

22 шақырымдық аламан бәйгеге 13 ат қатыстырылды. Құрайлысай ауылдық округінен келген Болат Ешовтың «Ботагөзі» бірінші, екінші болып алғабастық Ерболат Құрманғалиевтың «Торысы»,  үшінші болып жеткен базаршоландық Жасұлан Мұхсимовтың «Адайкөгі» келді.

Қысқа қашықтыққа шабатын аттар үшін арнайы бәйге ұйымдастырылды. 7.5 шақырымға шапқан қылқұйрықтар арасынан Жаңғабыл Сәтбаевтың «Жас жирені» бірінші болып келді. Екінші, үшінші орынды Орал қаласынан келген Яков Липнаудың жүйріктері алды.

Мереке түрлі спорттық ойындармен жалғасты. Ақжолдық Темірлан Көлбай қойды 45 рет көтеріп,жеңімпаз атанды. Бұл қатысушы 80 кг. салмақтан жоғарылар арасында өткен қазақ күресінен де ешкімге дес бермей, түйе балуан атанды. «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген сол емес пе, ол 70 кг.-дан  жоғары салмақтағылар арасында қол күресінен бас жүлдені иеленді. Қол күресінен салмағы 70 кг. дейінгі қатысушылар арасында 1 орынды көнеккеткендік Оразай Қайырсапин еншіледі. Стритболдан көнеккеткендік оқушылар топ жарды.

Бекем БЕКҰЛЫ

Ақжайық ауданы

Суреттерді түсірген Сәкен ӘБІЛХАЙЫРОВ

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале