27.12.2016, 12:28
Оқылды: 62

Денсаулық сақтау ісінің үздіктері марапатталды

m-togjanov  Облыстық мәслихаттың үлкен залында салтанатты шара өтіп, ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай денсаулық саласының үздіктері марапатталды. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов қатысты.


    Ең алдымен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамидолла Ирменов баяндама жасап, сала бойынша атқарылған жұмыстар мен жеткен жетістіктерге тоқталып өтті. Бұдан кейін ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай бірқатар сала үздіктерін мерейтойлық наградалармен марапаттады. Олардың ішінде ҚР Президентінің Жарлығы бойынша облыстық клиникалық ауруханасының сәулелік және функционалдық диагностика бөлімшесінің меңгерушісі Асылбек Бахаев «Шапағат» медаліне, Орал ауданаралық туберкулезге қарсы ауруханасының бас дәрігері Бибігүл Махметова мен Қаратөбе аудандық орталық ауруханасының аға зертханашысы Балсан Аймашева Құрмет грамотасына ие болды.

   Жиында сөз алған Марат Лұқпанұлы денсаулық саласы бойынша өңірде атқарылып жатқан игі істерге тоқталып, ұлт денсаулығын сақтаудағы ақ желеңділердің  еңбегін жоғары бағалады. Ол өз сөзінде ел мерейтойы қарсаңында облысымыздың 13 дәрігері мерекелік медальмен марапатталғанын атап өтіп, облыстық көп бейінді балалар ауруханасының хирургия бөлімінің меңгерушісі Валентин Харькин мен облыстық инфекциялық ауруханасының дәрігері Надежда Ашгалиеваға өз қолынан мерейтойлық медальді табыс етті. Бұдан кейін облыстық онкологиялық диспансері директорының орынбасары Нұрлан Төлемісов, облыстық тері-венерологилық диспансерінің зертхана меңгерушісі Татьяна Цой, облыстық қан орталығының меңгерушісі Гүлмира Дәуенова, «Мейірім» мамандандырылған бөбектер үйінің тәрбиешісі Лариса Сафрыгина, Орал ауданаралық туберкулезге қарсы ауруханасының мейіргері Маруся Қайсағалиева, Қаратөбе аудандық орталық ауруханасының мейіргері Айгүл Мұхамедова, облыстық перинаталдық орталығының реанимация бөлімшесінің мейіргері Жаңылғаным Ғиззатова облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапаттады.

   Салтанатты жиында бұдан өзге де сала мамандары ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «ҚР Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгілерімен, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің Құрмет грамотасымен және алғыс хаттарымен марапатталды.

Ләззат ШАҒАТАЙ

Суретті түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале