10.02.2017, 16:35
Оқылды: 61

Зеленовта қылмыс 24 пайызға артқан

 

    Zelenov akim 202Зеленов ауданының әкімі Кәрім Жақыпов ел алдында есеп берді. Ауданның хал-ахуалын баяндай отырып, ел ішінде жүзеге асқан істерді айтып берді.


        - Аудан орталығы  Переметный ауылы - ауданымыздың айнасы. Алайда, ауылішілік жолдары жөндеуді талап етеді.  Жолдардың  сметалық-жобалық құжаттары  дайын болғанымен,  оны  іске асыруға қомақты  қаржы  қажет. Бүгінгі  мүмкіндікті  пайдаланып,  Сізден  осы  мәселенің  оң  шешімін  табуға  қолдау  көрсетуіңізді  сұраймын,-деді аудан әкімінің баяндамасынан кейін сөз алған еңбек ардагері, аудандық ардагерлер ұйымының мүшесі Темірғали Жанболатов.

        Сондай-ақ, Мичурин ауылдық округі, қоғамдық кеңес төрағасының орынбасары Елена Киянская интернет желісінің жоқтығын айтса, ал «Киргенев» шаруа қожалығының басшысы Қайыржан Киргенев Железнов, Шалғай ауылдарынан ауданға қатынайтын жолдың шұрық тесіктігін тілге тиек етті. Ал Қасым Аманжолов атындағы мектептің мұғалімі Айгерім Нұркенова: «Бүгінгі  таңда  аудан  жастарын  тұрғын үймен  қамтамасыз  ету  мәселесі  күн  тәртібінен  түспей  тұр. Аудан облыс орталығына  жақын орналасқан, халық көп шоғырланған аудандардың бірі. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бұл мәселені  шешуге қауқарсыз. Егер, 2017 жылдың  мәліметіне  сүйенсек, ауданға  бағдарлама  бойынша  келген 244  маманның тек, 88-іне  ғана қаржы бөліп отыр. Сондықтан, Алтай Сейдірұлы, Сізден бағдарлама  аясында ауданға  қосымша  қаржы  бөлуге  ықпал етуіңізді  сұраймын, - деді өз сөзінде.

Аудан әкімінің есебіне құлақ түрген Алтай Сейдірұлы: «Жетістіктермен бірге кейбір кемшіліктеріміз бар, оны да айту керек.  Орта және шағын бизнесте 2639 субъекті тіркелсе, оның белсендісі 82,6%. Демек 18% жұмыстанып жатқан жоқ. Неліктен? Мүмкін оларға көмек керек шығар. Бұған баса назар аудару қажет. Сол секілді қылмыс 24 пайызға артқан. Бұл – жергілікті полицияға сын, жұмыстаныңдар»,- деп аудан басшысына айтылған мәселелердің анық-қанығына көз жеткізіп, шешімін табуын тапсырды.

Динара НАСЫР

Суреттерді түсірген Түгелбай БИСЕН

Зеленов ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале