8.04.2017, 1:02
Оқылды: 80

Көк байрағымыз көк тіреп желбірейтін болады

02Жергілікті «Қазақстан-Орал» телеарнасында Орал шаһарының әкімі Нариман Төреғалиевтің қатысуымен өткен тікелей эфир барысында тұрғындар түрлі сұрақтар қойды. Солардың бірі жол салу барысында су ағатын арықтардың неге ескерілмей қалатындығы жөнінде болды.


Сауалға жауап берген шаһар басшысы барлық кемшіліктерге мердігер компания жауапты екенін айтты. Сондай-ақ былтыр қала бойынша жөндеуі қолға алынған 23 көшенің 10-ның жұмыстары биыл тағы жалғасын табатынын жеткізген Н.Төреғалиев жол жанындағы арықтар мен жаяу жүргіншілерге арналған жолдардың салынатынына сендірді.

Қала әкімі сонымен қатар былтыр екі үлкен көше - Достық даңғылы мен Ықсанов көшесі жөнделгенін, екі жылға жоспарланған құрылыс жұмыстарының биыл тағы жалғасатынын тілге тиек етті.

Тағы бір көрермен соңғы жылдары қаланың көркін келтіріп отырған әдемі ғимараттардың бой көтеріп жатқанына қуанышты екенін білдіре отырып, қала құрылысының сәулеті қаншалықты бақыланатынын сұрады. Сонымен қатар орталық алаңды «Тәуелсіздік алаңы» деп атасаңыздар деген ұсыныс жасап, қала әкіміне "Тәуелсіздік монументі салынады деген ақпарат рас па?" деген сауалын жолдады.

- Бұл ақпарат рас! Жаңа алаңды жоспарлағанда, аталған монумент құрылысы да ескерілген болатын. Бұл монумент еліміздің көк байрағы бейнесінде болмақ. Биіктігі 60 метр. Құрылысы алдағы уақытта басталмақ. Сметалық құжаты бойынша бағасы 212 млн. теңгені құрайды. Мәңгілік елге мәңгілік тұғыр болып қалатын дүние болып табылады. Елтаңбамыз бен Əнұранымыз да болады сол монументте.

Тек қана үй мен жол сала бермей, өнер мен мәдениетті де дамыту керек, балаларымызға, өскелең ұрпаққа патриоттық тұрғыда тәрбие беруді де естен шығармауымыз қажет! Халыққа осыны терең түсінсек деп айтқым келеді, -деді шаһар басшысы Нариман Төреғалиев.

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале