4.11.2015, 17:10
Оқылды: 27

70 мың теңге пара алған аудандық білім беру бөлімінің басшысына 18,9 млн. теңге айыппұл салынды

Inform para aldi     Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері түрлі қылмыстық істер бойынша 15 адамға 149,1 млн. теңге айыппұл салынды. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО бойынша департаментінде өткізілген баспасөз мәслихатында айтылды.

Сонымен қатар аталған сотталушылар барлық шенінен, мемлекеттік органдарда қызмет ету құқығынан өмір бойына айырылды.

Биылғы тоғыз айда 265 қылмыстық іс өндірісі аяқталып, соның 39-ы сотқа жіберілді. Анықталған материалдық залал көлемі 215,7 млн. теңгеге жетсе, соның 200,4 млн. теңгесі немесе 93 пайызы өндірілді. 98,7 млн. теңгенің мүлкіне тоқтам салынды.

Парақорлық деректері бойынша 59 қылмыстық іс (37-сі - пара алу, 20-сы - пара беру, екеуі - параға делдал болу) тіркелді. Мысалы, Теректі аудандық білім беру бөлімінің басшысы С.Шүкірова әдістемелік кабинет меңгерушісі Ж.Құтқожиева арқылы Долинный орта мектебінің мұғалімі В.Кирячектен бірінші санатты білім дәрежесін беру үшін 70 мың теңге талап етіп, пара алған. Осы қылмысы үшін оған мүлкін тәркілеу және мемлекеттік органдарда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырумен бірге 18,9 млн. теңге айыппұл салынды. Сол секілді БҚО бойынша еңбек инспекциясы басқармасының бас маманы Б.Бисенбиев С.Гребенюк деген азаматтан әкімшілік материал толтырмау үшін 40 мың теңге алған. Оған да мүлкін тәркілеу және мемлекеттік органдарда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырумен бірге 2,4 млн. теңге айыппұл салынды.

Заңды шағын және орта бизнес қызметтеріне заңсыз араласқан, сеніп тапсырылған мемлекеттік мүлікті жымқырған, мемлекеттік сатып алу барысында қылмысқа барған тұлғалар да тиісті жазаларын алды.

Айта кетейік, департамент басқармасы басшысының орынбасары Пәрмен Жұмабектің мәлім еткеніндей, қазіргі таңда БҚО ішкі істер департаменті жол-патрульдік қызметінің бір қызметкеріне пара алу дерегі бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Оның 10 мың теңге көлемінде пара алғаны анықталған. Күні бүгін айыпталушы кепілмен босатылған.

www.zhaikpress.kz

Елжан Ералы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале