17.07.2019, 9:42
Оқылды: 396

Теория практикамен ұштасады

Еліміздегі тиісті заңдылықтарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуіне орай республиканың жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің нормативтік базасы өзгертілді. Соған орай Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде білім беру қызметіндегі өзгерістер жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында сөз болды.

 Nametov (1)

Өткен жылғы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жоғары оқу орындарының академиялық және басқарушылық тәуелсіздігін кеңейту туралы» өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына  сәйкес Жәңгір хан атындағы БҚАТУ білім берудің 8 саласы бойынша кадрлар даярлайды. Олар - педагогикалық ғылымдар; бизнес, басқару және құқық; жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика; ақпараттық-коммуникативті технологиялар; инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары; ауыл шаруашылығы және биоресурстар; ветеринария; қызметтер.

- Жаңа талаптарға орай университетте 35 жоғары білім беру, 23 магистратура және алты докторантура бағдарламаcы әзірленді. БҚАТУ Еуропа және Қытай жоғары оқу орындарымен екі дипломды білім берудің төрт бағдарламасын жүзеге асырады. Инновациялық білім беруді іске асыру маманды даярлаудың құзыреттілік моделін енгізу арқылы жүргізіледі. Білім беру бағдарламаларын жасақтау технологиялық салада, бағдарламаларды сараптауда, жасақтауда және құзыреттілігін анықтауда  жоғары әлеуеті бар инновациялық кәсіпорындар мен шетелдік жоғары оқу орындары мамандарының белсене қатысуымен іске асырылады, - деді Жәңгір хан атындағы «Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті» коммерциялық емес АҚ-ның басқарма-төрағасы- ректор Асқар Нәметов.

Асқар Мырзахметұлының баяндауынша, құзыреттіліктерге құрылған  білім беру бағдарламаларында 60% технологиялық, 20% гуманитарлық, 10% бизнес-білім және кәсіпкерлікке оқыту, 10% IT-білім беру көзделген.  Нәтижесінде теориялық білім 70%-ды, практикалық-бағытталған білім 15%-ды, инновациялық кәсіпорындардағы тәжірибе 15% -ды құрайды. Қорытынды мемлекеттік аттестаттау бизнес-жоспарларды, стартаптарды қорғау арқылы, мемлекеттік емтихандар өндірісшілердің қатысуымен өткізіледі.

Практикаға бағытталған модель 1, 2-курстардағы (өндіріске экскурсиялар, жазғы студенттік отрядтар, кәсіпорындағы жұмыс) теориялық және практикалық оқуды, жұмыс беруші мәлімдеген құзыреттерді 3, 4-курстарда терең игеруді (өндірістік тәжірибе, өндірісте, кафедра филиалдарында), дипломдық жобаларды орындау және кәсіпорындардағы нәтижелерді енгізуді білдіреді.

Технологиялық білім беру процесі оқу сабақтарын үздіксіз практикамен ұштастыруды, теориялық оқытудың әр түрлі формаларын практикалар кезеңдер3мен біріктіруді көздей отырып, оқу уақытының едәуір бөлігін өндіріс жағдайында өткізуге мүмкіндік береді. Осының барлығы түптеп келгенде түлектерді  ерте кезеңде жұмысқа орналастыру моделін іске асыруға ықпал етпек. Нәтижесінде университет түлегі еңбек нарығының талаптарына сәйкес құзыреттілікке, практикалық дағдыларға, кәсіпкерлік және IT білімге ие болады.

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

 Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің 

Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале