23.01.2020, 18:35
Оқылды: 240

АӘК-ның жаңа шарттары түсіндірілді  

Бүгін Орал қаласындағы Достық үйінде облыс әкімінің орынбасары Серік Егізбаевтың төрағалығымен атаулы әлеуметтік көмектің жаңа тәсілдері мен мәселелері туралы басқосу өтті.

dostyq (10)

Жиынды ашқан Серік Рахметоллаұлы АӘК-ның жаңа форматы әлеуметтік көмек алушылардың жауапкершілігінің артуына, олардың өз-өздерін қамтамасыз етуге және аз қамтылған азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етуде екенін баяндады.

Ал облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алтай Құлқаев АӘК-ның жаңа тәсілдері туралы айтты.

 - Былтыр АӘК облыс бойынша 12 556 отбасына, оның ішінде 60 804 адамға 6,7 млрд. теңге төленді. Оның ішінде шартсыз ақшалай көмек алушылар 2 005 отбасы, 7 439 адам, шартты ақшалай көмек алушылар 10 551 отбасы, 53 365 адам. Жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 2 725 адам тартылды. Сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмекті жеке шаруа қожалық ашуда, бизнес дамытуға жұмсағандары да бар. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша 1016 отбасы төлемдерін жеке шаруа қожалығын дамытуға жұмсады. Яғни 532 отбасы ірі қара мал, 31 отбасы құс, 453 жанұя ұсақ мал сатып алды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындауда бюджет қаражатын тиімді қолдану және әлеуметтік көмектің дұрыс тағайындалуын тексеру бойынша жұмыс жүргізілді. Көмек негізінен еңбек етуден қашпайтын азаматтарға арналуы тиіс.

dostyq (13)

 Кешенді шаралар 3 бағытты құрайды. Біріншісі, көп балалы отбасыларды жеке санатқа шығару және оларға кепілдендірілген жәрдемақыны ұсыну, бұл ретте көп балалы отбасы - аз қамтылған отбасы деген стереотиптен алынып тасталады. Кәмелетке толмаған, студент балалары бар көп балалы отбасыларға отбасы табысына қарамай тағайындалады. Екіншісі, аз қамтылған санаттағы азаматтарды қолдау және жұмысқа ынталандыру үшін төленбек. Ең басты шарт - отбасының еңбекке қабілетті мүшелері жұмыс істеуі керек және отбасы үшін жауапкершілікті сезінуі тиіс. Үшіншісі, аз қамтылған отбасыларға қосымша әлеуметтік кепілдендірілген пакет енгізіледі. Яғни аз қамтылған отбасындағы мектеп жасындағы балалар мектеп формасымен, оқу құралдарымен, ыстық тамақпен, қалалық қоғамдық көлікте жол жүру ақылары шығындарын өтеу қарастырылуда, - деді ол.

Гүлсезім Бияшева

суретке түсірген Эльвира Меңдіғали

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале