16.06.2017, 16:43
Оқылды: 148

Ағиба Ғинаятқызы, ақын Жанғали Набиуллиннің жары: «Жәкең сертіне адал болып өтті...» (ФОТО, АУДИО)

pp«Поэзияның адал ұлы дақпыртқа қызықпаған, даңқпен де тіл табыса алмаған. Бүгінде мәшһүр болмаса да, болашақта оңай ұмытыла қоймайтын дара дарын иесі. Бұл - Жанғали ақынның бағасын дәл берген Қадыр Мырза Әлидің сөзі. Жанғали аға әдебиетке, өлеңге адалдықтың үлгісін көрсетіп кетті. Өмірінің соңғы жылдары жанға батқан ауыр науқасына қарамай, шығармашылықпен айналысты. 2015 жылы 10 шілдеде 79 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. 


Ағиба апамыз - Ресей Федерациясындағы көршілес Саратов облысының тумасы. 1957 жылы Қазақстанға қоныс аударған. 1969-1974 жылдары Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтында білім алған. 1990 жылдан бастап Оралдағы ауа райын бақылайтын орталықта қызмет еткен. 2011 жылдан зейнеткер.

Фотография (58)Біздің бала кезіміз, жастық шағымыз, есею жылдарымыз өткен уақыт өзгешелеу еді. Небір кез өтті бастан. Алайда, біздің адамгершілік тұрғысында өзімізді табуымыз және жоғалтпауымыз біздің кітапқа, жалпы руханиятқа деген құмарлығымыздан болса керек. Әсіресе, мен қазақ романдарын көп оқыдым. Газет-журналдардың да әр санын асыға күтетін едім. Бірақ, бір қызығы сол газет беттерінен не жинақ кітаптардан Жәкеңнің аты-жөнін көрмеппін. Ол кісі туралы естімеппін. Бәлкім, поэзияны көп оқымағандықтан шығар. Жәкеңмен таныстық 1995 жылы басталды. Ең алғаш тілдескенде: «Алла-ай, қандай қатты адам?!» - деп ойладым. Бір себептерге байланысты 1996 жылы мүлде араласпадық. Содан 1997 жылы тағдыр екеумізді қайта табыстырды. Көктем мезгілі болатын. Іссапардан келіп, демалып отыр едім, үйге Жәкең келіп тұр. «Тұрмысқа шығып кеткен жоқсың ба» - демесі бар ма? Мен үшін шешім қабылдау қиын болды. Бірақ тәуекел еттім... Құдайдың қалауымен 1997 жылы үйлендік.

*   *   *

Фотография (55) - копияЖәкең бірде маған кітабын көрсетті. Ол кезде әлі отау құрмаған кезіміз. Әлгі кітабы биттің қабығындай екен. Мен роман оқығанды ұнатушы едім. Білесіздер, роман кітаптар оншалықты жұқа болмайды. Сөйтіп, бұл кісінің кітабын көріп, менсінбей қалғаным бар...

*   *   *

Снимок36Жәкеңді көзі көрген, аралас-құралас болған жандар асау мінезді, қатал адам дейді бірден. «Жақсының ашуы жібек орамал кепкенше» дейді қазақ. Рас, аяқ астынан шарт сынатын мінезі болды. Бірақ ашуы тез қайтатын еді. Өте талапшыл адам-тұғын... Жәкеңе жабысқан дерт бойына біртіндеп тарады. Сөйтіп, 2003 жылы өлеңдерін мәшинкеге басуға қолының әлі келмей қалды. «А» әрпін басайын десе, өзге әріп түсіп кететін. Мен ол кезде ауа райын бақылайтын орталықта қызмет істеймін. Жәкеңнің кешкі асын беріп, қайта жұмысқа баратынмын. Күзетшіден кілт алып, өлеңін компьютерге теремін. «Жәкеңнің тапсырмасы ғой маған берген. Сондықтан қалай да орындауым керек» дейтінмін. Бұл Жәкеңнің талапшылдығынан болса керек. Өзі де айтқан сөзін міндетті түрде орындайтын. Мен соған лайық болуым керек деген шығармын...

*   *   *

Фотография (56) - копияЖәкең біраз ақын-жазушылармен хат алмасып тұрды. Ол хаттар 2011 жылы жарық көрген «Жайықта бір Жанғали» кітабына енді. Енген бойда Жәкең барлық хатты жыртып тастады. Әбділдә Тәжібаевтың 1960 жылы жолдаған хаты сақталыпты. Хатта «Жауынгер хаты» атты очерк туралы баяндалады. Бұл очеркті еш жерден кездестірмегендіктен, Жәкеңнен: «Әбділда ағаның сын-ескертпелерін ескердің бе, жалғасы қайда?! – деп сұрадым. Ол жалғастырмағандығын айтты. Сол 1960 жылғы «Лениншіл жас» газеті қазір сақталған болса, Жәкеңнің аяқталмаған очеркі бар шығар...

*   *   *

Фотография (57) - копия - копияБіз көп газет-журналға жазылатынбыз. Жәкең үйге газет-журнал келгенде балаша қуанатын. Алдымен, газеттің барлығын бір шолып өтеді де, тәуір көргенін үстелдің үстіне бөлек қойып қояды. Ұнатқан мақала немесе суреттерді қиып алады да, өзінің папкасына жинайды. Бұл әдетін ғұмырының соңына дейін тастамады...

*   *   *

Жәкең жас ақындарды үнемі бақылап, өлеңдері газет бетіне шықса, қалт жібермейтін. Үміт еткен, өлеңдерін ерекше атаған ақындар Жанар Айлашова, Талғат Мықи, Думан Ғазез деген жігіт (қазір Тасқала ауданында редакторлық қызметте болуы керек), Ләззат Мақаш. Тағы біраз ақын болды...

*   *   *

Фотография (55)Бір оқиға есімнен кетпейді. Жәкең дерті қанша жанына батса да, ешқашан жатып тамақ ішпеді. Оны жаман ырым, теріс әдет көретін. Ас үйге қалай келетініміз екеумізге және бір Құдайға аян. Бір күні кезекті асымызды ішіп болған соң, мен ыдыс-аяқты жиыстыра беріп едім. Жәкең отырған орнынан бұрылғалы жатыр екен. Бұрылудың өзі ол үшін, сеніңіздер, қиямет-қайым еді. Мен: «Отыра тұрсаңшы, қазір жинап тастайын, сосын төсегіңе апарамын» - десем, «саған көмектесіп жатырғаным ғой» - дейді. Осылайша, екеуміз бір-бірімізді аяп, аялап күн кеше бердік...

*   *   *

Жаяу жүргенді ұнататын. Ол кезекті өлеңін сол серуенде ой елегінен өткізеді екен. Маған екі шумағын «Ағиба, есіңде сақташы» - дейді де, үйге келгенде сұрайтын...

*   *   *

«Өлке» баспасынан шыққан «Таңдамалы шығармалар жинағын» Жәкең асыға, аңсай күтті. «Бұл менің соңғы кітабым» деуші еді. Екеуміз зейнеткерміз. Ақшамызды үнемдеп, осы жинақты шығаруға жұмсадық. Осы орайда, Алпамыс Бектұрғановтың еңбегін атап өту керек. Алматыға барып, ұйымдастырушылық жұмыспен айналысқан сол адам. Ол кітап жарық көрмес бұрын, мұқабасын қағазға шығарып, бізге әкеліп көрсетті. Жәкеңе ұнады. Әттең, кітабын қолына ұстай алмай кетті... Бұл оқиға былай болды. Шілде айының 10-ы күні Алпамыс Бектұрғанов Алматыдан жинақтың алғашқы данасын әкелген екен. Жолдан келгендіктен, аздап демалып, Жәкеңе апарайын деп ойлаған. Сол күні түскі екілер шамасында Жәкең бақилық болды...

*   *   *

«Өлең үшін жұмсаймын өмірімді,

Бет қызылын жұмсамай өтем анық». Бұл – Жәкеңнің халқына, оқырманына берген анты еді. Өз мінезіне, болмысына сай ол сертіне де адал болды...

Ақын Жанғали Набиулиннің бір топ өлеңін төмендегі аудиожазбалардан тыңдай аласыз!

"Сен - ақынсың"

"Маған тартқан екенсің"

"Өмір қызық"

"Қисынсыз анекдот"

"Ақынсың"

Айдана Хамидуллина

«Жайық Пресс»

ақпарат орталығының тілшісі

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале