10.12.2019, 17:52
Оқылды: 152

«Ақжайық» футбол клубының директоры футболшылар жалақысы құпия екенін айтты

«Ақжайық» футбол клубы ойыншыларының 49 пайызы жергілікті спортшылар құраған. Командадағы үш ойыншы – шетелден аттай қалап әкелген легионерлер. Қалған ойыншылар еліміздің басқа өңірлерінен келген. Бұл жайында БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингте футбол клубының директоры Азамат Шайхиев айтты. Журналистер сұрағына байланысты клуб басшылығы мен команда мүшелерінің арасындағы келісімшартқа сәйкес футболшылардың жалақы мөлшері құпия сақталатынын айтты.

78862069_441703486503091_7333941942532702208_o

– Бәрі де сол жайында білгісі келеді. Бірақ футболшылардың жалақысын жария етпеу жөнінде келісім бар. Қазіргі уақытта жергілікті ойыншыларды шынықтыруға көңіл бөлудеміз. Былтыр «Ақжайық» құрамында легионерлер үлесі 32 пайыз болса, биыл 11 пайыз шамасында. Клуб бюджетінің мөлшері басқа өңірлерге қарағанда төмен. Еліміздегі аяқдоп шеберлерін, «Ақжайық» түлектерін командаға шақырып жатырмыз, бірақ басқа клубтар он есе жалақы ұсынып отырған соң, олар келігісі келмейді, келісімшартқа қол қоярда ойынан айнып қалады. Мемлекет бюджетінен қаражат бөлініп отырған соң, басқа бағыттар бойынша біз ашықтық, жариялылық ұстанымында қаламыз, - деді Азамат Шайхы.

Биыл «Ақжайық» футбол клубына жалпы 652 млн. 321 мың теңге қаржы бөлінген. Соның ішінде 462 млн. 89 мың теңге ақша негізгі құрама команда қажетіне, жалақысына, оқу-жаттығу жиынына қатысуға, іс сапар шығындарына, экипировка, дәрі-дәрмек және тағы басқа қажетті заттар алуға жұмсалған. Футбол орталығына 154 млн. 703 мың теңге бөлінген.

futbol aqjaiyq (15)

Азамат Шайхының айтуынша, «Ақжайық» футбол клубының екі бас демеушісі бар. Олар –  «InvestGlobalServices» және «BANEM» компаниялары. Екі демеуші «Ақжайық» стадионында газон ауыстыру жұмысын жасауда. Ал биыл уәде еткен жабық футбол манеж құрылысы ауа райынының қолайсыздығына байланысты келесі жылы басталмақ.

Клуб жанындағы футбол орталығында 800-ге жуық бала тұрақты жаттығуда. Оларды 27 бапкер жаттықтырады. 2019 жылы қыздар құрама командасы жасақталды. Футбол орталығының филиалдары Бөрлі, Ақжайық, Сырым, Қаратөбе және Теректі аудандарында бар. Бұл бес ауданда жалпы саны 95 бала жаттығады. Клуб директоры басқа аудандарда футбол секцияларын ашу жоспарлануда екенін айтты.

fcaqjaiyq (84)

«Биыл «Ақжайық» жоғары лигаға шыға алмады. Бас бапкер Артур Авакянц команданы жоғары нәтижеге жеткізуге уәде берген еді. Алдағы уақытта өзара келісімшартты бұзу-бұзбау мәселесін қарастырамыз», – деді футбол клубының директоры Азамат Шайхиев.

Нұртай Алтайұлы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале